Ұлыбританиядағы қомақты салық пен Эндрю ханзадаға қатысты даудан қашқан Гаухар Ашкенази БАӘ-ге кетті
Фото: Іnstagram.com/goga_vionnet
Гога деген атпен танылған Гаухар Ашкенази Ұлыбританиядағы салық резиденттігін Біріккен Араб Әмірліктеріне ауыстырды. Бұл оның MMG Global Consulting Limited компаниясының қаржылық есебінен белгілі болды. Көпшілік Гаухар Ашкеназиді миллиардер Тимур Кулибаевтің бұрынғы көңілдесі деп біледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашкенази Ұлыбританияда Лейбористік үкімет салықты күрт көтеретінін жариялағаннан кейін елден кетуге шешім қабылдаған ауқатты британдықтардың бірі. Салық мәртебесін өзгерткеніне қарамастан, Ашкенази Ұлыбритания азаматтығын сақтап қалды. Сондай-ақ Гаухар Ашкеназиде Румыния және Кариб теңізіндегі Сент-Китс пен Невис мемлекетінің құжаттары бар.
Ұлыбританиядағы салық реформасы ең ауқатты азаматтардың мүддесіне әсер етті. Енді олар шетелде тапқан табысына да ел ішінде салық төлеуге міндетті. Сонымен қатар мұрагерлікке, капитал өсіміне және құны 2 миллион фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүлікке салынатын салық көлемі ұлғайтылды.
2025 жылдың жазында билік байлыққа қосымша салық енгізу мүмкіндігін тағы да көтерді. Бұл жағдай елден көшуге ниетті адамдардың санын арттырды. Arton Capital консалтингтік компаниясының дерегінше, капиталы 1 миллион фунттан асатын британиялықтардың жартысынан көбі көшуді көздеп отыр. Олар үшін ең қолайлы бағыттар қатарында АҚШ, Канада, Австралия және БАӘ бар.Гаухар Ашкенази тек салық өзгерістерінен кейін кеткен жоқ. Оның досы Эндрю ханзадаға қатысты жанжалдың қайта өршуімен де байланысты деген болжам бар.
2026 жылдың қаңтарында жарияланған BBC зерттеуінде ханзаданы Тимур Кулибаевпен таныстырған дәл осы Ашкенази екені айтылған. Кулибаев – Нұрсұлтан Назарбаевтің күйеу баласы.
Хабарламада Эндрю ханзада Саннингхилл мүлкін Кулибаевқа нарық бағасынан бірнеше миллион фунтқа қымбатқа сатқан деп көрсетілген. Журналистер бұл жағдай мәміледе жемқорлық болуы мүмкін деген күдік туғызғанын айтады. Болжам бойынша, артық төленген сома сол кезде Британ-қазақ қоғамының қамқоршысы болған ханзадаға жай ғана “бонус” болуы мүмкін деген күмән бар.
Алайда Кулибаевтың адвокаттары артық төлем сатып алушылар арасындағы жоғары бәсекеге және мүлікке алдын ала “бронь” жасалуына байланысты болғанын айтты.
Зерттеу жарияланғаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытты қадағалайтын ықпалды лейборист саясаткер Margaret Hodge бұл мәмілені парламент деңгейінде де, тиісті ұлттық органдар тарапынан да мұқият тексеруді талап етті.
Ұлыбританиядағы ауқатты азаматтардың көшуі бірнеше жылдан бері артып келеді. Егер 2024 жылы елден небәрі 10 мыңнан астам адам кетсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бай эмигранттардың саны 16 500-ге жетеді деген болжам бар. Бұл рекордтық көрсеткіш қоғамда “Wexit” деген ирониялық атауға ие болды. Wexit-тің аудармасы – “капиталдың қашуы”.
Біріккен Араб Әмірліктерінде Гаухар Ашкеназиді БАҚ көбіне миллиардер Тимур Кулибаевтің бұрынғы көңілдесі деп жазады. Сондай-ақ олардың екі ортақ баласы бар деген ақпарат та бар. Соңғы жылдары бұл елде ауқатты қазақстандықтардың ірі диаспорасы қалыптасқан, олар жергілікті жылжымайтын мүлікке шамамен 1 миллиард доллар инвестиция салған. Диаспора құрамында жоғары лауазымды шенеуніктер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, саясаткерлер және бизнесмендер бар.
Абу-Дабиде Тимур Кулибаев Nudra Villas кентінде өзіне арналған жекежай құрылысын аяқтады. Оның құны – 24 миллион доллар, яғни 11,2 миллиард теңге. Ашкенази сол жерде тұра ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ Гаухар Ашкеназидің Кулибаевтың Мәскеу маңындағы үйінде бірнеше жыл тіркеліп тұрғанын ескерсек, ол үшін жекежайдан да орын табылуы ықтимал.