Ұлыбританияда улы химикаттар сақталған жүк кемесі танкермен соқтығысып өртеніп кетті
Ұлыбританияда Солтүстік теңіз жағалауында улы химикаттары бар жүк кемесі авиациялық отын тасымалдайтын танкермен соқтығысты. Салдарынан екі кеме де өртеніп, жүк кемесінің экипаж мүшелерінің бірі жоғалып кетті. Деректерге сүйенсек, кемелерде өртенсе тіршілікке өте зиян келетін улы химикаттар болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty Images
Оқиға 10 наурыз күні таңертең болды.
Америкалық Stena Immaculate танкері британиялық Кингстон-ап-Халл қаласы мен Гримсби қаласының портына жақын жағалауда тұрған. Кейін оған Португалия туы бейнеленген Solong контейнерлік кемесі жақындаған.
Танкердің бортында Jet a-1 реактивті отыны болды. Ал Solong бортындағы жүктердің арасында 15 натрий цианиді контейнері болды. Бұл улы химикат тірі организмдердің, соның ішінде балықтың өміріне қауіпті. Ол жанса қауіпті газ шығаруы мүмкін.
Хабарланғандай, жанармайдың бір бөлігі теңізге төгілген. Бірақ жүк кемесіндегі улы заттардың теңізге құйылғаны әлі белгісіз.
Соқтығысудың себебі белгісіз. Тергеу жүріп жатыр, құтқару операциясы аяқталды.
Танкердегі авиациялық отын Америка үкіметіне тиесілі. Ал Crowley оның мердігері болған. Негізі Ұлыбританияда АҚШ әуе күштерінің бірнеше базасы орналасқан.
Британиялық жағалау күзеті 36 адам құтқарылғанын, біреуі ауруханаға жатқызылғанын және Solong экипажының бір мүшесі жоғалып кеткенін хабарлады. Stena Immaculate танкері Грециядан келген. Контейнер кемесі танкермен 16 түйін жылдамдығымен соқтығысқан.
Оқиға орнына құтқару тікұшағы мен өртті сөндіру үшін қайықтар жетті. Жағалау күзеті ластануға қарсы ықтимал шараларды орындайтынын жеткізді.