Ұлыбританияда қайтыс болған донордың жатыры трансплантацияланған әйел дүниеге сәби әкелді

Ұлыбританияда алғаш рет қайтыс болған донордың жатыры трансплантацияланған әйелден сәби дүниеге келді. Лондон мен Оксфордтың хирургтері, органды ауыстыру операциясына қатысып, анасының жүктілігі мен босануын бақылаған мамандар бұл оқиғаны көптеген ауыр диагнозы бар әйелдерге үміт сыйлайтын “серпінді сәт” деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Кішкентай Хьюго қазір 10 апталық. Ол 2025 жылғы Рождество мерекесінің қарсаңында Лондонның батысындағы Queen Charlotte’s and Chelsea Hospital ауруханасында дүниеге келген. Туған кездегі салмағы шамамен 3,2 келі болды.
Баланың ата-анасы Грейс Белл мен Стив Пауэлл ұлдарының дүниеге келуін нағыз ғажайып деп санайды. Олардың айтуынша, донордың отбасы “ерекше мейірімділік пен жанқиярлық” танытып, жатырды трансплантациялауға рұқсат беру арқылы оларға “теңдессіз сый” жасаған.
Бұл Ұлыбританияда әйелге басқа адамның жатырын ауыстырып, баланың дүниеге келуі бірінші рет емес. 2025 жылдың басында Эми есімді қыз туған – бірақ ол кезде жатыр тірі донордан алынған еді.
“Теңдессіз сый”
Хьюгоның анасы Грейс қазір шамамен 30 жаста. Ол жатырсыз туған, өмір бойы етеккірі болмаған, бірақ аналық бездері қалыпты жұмыс істейді. Бұл жағдай Майер–Рокитанский–Кюстер–Хаузер (MRKH) синдромы деп аталады, Ұлыбританияда шамамен әр бес мың әйелдің бірінде кездеседі.
16 жасында оған өздігінен бала көтере алмайтыны айтылған.
Ата-ана болу үшін жұптың алдында екі ғана жол болды – жатыр трансплантациясына үміт арту немесе суррогат ана қызметіне жүгіну.
Грейс оған жатыр табылғаны және трансплантация жасауға болатыны туралы хабар келгенде “абдырап қалғанын” жасырмады. Сонымен қатар ол донор отбасының қандай үлкен сый жасап отырғанын анық түсінген – бұл өз баласын өзі көтеріп, дүниеге әкелу мүмкіндігі еді.
“Мен донорымды және оның отбасын күн сайын ойлаймын, олардың қызы маған өмірдегі ең үлкен сый – өмір сыйын сыйлағанын ойлап, жұбаныш тапса екен деп тілеймін. Оның бір бөлігі мәңгі өмір сүретіндей”, – дейді Грейс.
Донордың есімі мен өлім себебі жарияланбаған.
Жатыр трансплантациясы 2024 жылғы маусымда Оксфордтағы Churchill Hospital ауруханасында жасалып, 10 сағатқа созылған. Бірнеше айдан кейін жұп экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсімінен өтіп, эмбрион Лондондағы Lister Fertility Clinic клиникасында жатырға енгізілді.
“Бұл нағыз ғажайып болды. Таңертең оянып, аузына емізік салынған кішкентай жүзін көргенімде, мұның бәрі түс сияқты сезілді. Бұл керемет еді”, – деп еске алды Грейс ұлы туғаннан кейінгі алғашқы сәттерін.
Фото: Womb Transplant UK/PA Wire
Қайтыс болған донордан жасалған сәтті жатыр трансплантациясы – Ұлыбританияда клиникалық зерттеу аясында жүргізіліп жатқан осындай он операцияның бірі. Қазірге дейін үш трансплантация жасалған, бірақ бұл – реципиент әйелден туған алғашқы сәби.
2025 жылдың басында туған Эми тірі донордан жатыр ауыстырылғаннан кейін дүниеге келген алғашқы бала болды. Оның анасы жатырды 2023 жылғы қаңтарда өзінен үлкен әпкесінен алған. Ол кезде әпкесінің екі баласы бар еді.
Ұлыбританияда жақын туыстардан тағы бес жатыр трансплантациясын жасау жоспарланып отыр.
Жалпы әлем бойынша жатыр трансплантациясының 100-ден астам операциясы жасалып, олардың нәтижесінде 70-тен астам дені сау бала дүниеге келген.
Жатырсыз туған әйелдерге үміт
Эми де, Хьюго да Лондондағы бір ауруханада туған. Бұл нәтижеге медициналық топ көптеген жыл бойы дайындалған.
Империал колледжінің кеңесші-гинекологы, профессор Ричард Смит жатыр трансплантациясын зерттеумен 25 жылдан астам уақыт айналысып келеді және Хьюгоның дүниеге келуіне өзі де қатысқан. Оның сөзінше, бұл үдеріске органды ауыстыру операциясынан бастап эмбрионды енгізу мен босануға дейін “орасан зор жұмыс тобы” атсалысқан.
Смит Womb Transplant UK қайырымдылық ұйымының негізін қалаған. Дәрігерге алғыс ретінде Хьюгоның ата-анасы ұлының екінші есімін Ричард деп қойған.
Жұп екінші бала сүйгеннен кейін хирургтер ауыстырылған жатырды алып тастайды. Бұл Грейстің өмір бойы иммундық жүйені тежейтін күшті дәрілерді қабылдамауы үшін қажет.
Трансплантолог-хирург, медициналық топтың тең төрайымы Изабель Кирога Хьюгоның дүниеге Ұлыбританиядағы трансплантология саласындағы үлкен серпіліс деп атады.
“Еуропада қайтыс болған донордан жатыр трансплантациясынан кейін туған балалар өте аз”, – деді ол.
Зерттеудің мақсаты – бұл әдіс бала көтере алатын, бірақ жатыры жоқ әйелдер үшін ресми әрі тұрақты емдеу тәсіліне айнала ала ма, соны анықтау.
Профессор Смиттің айтуынша, Хьюгоның дүниеге келуі кезінде “жатыр жоқ” деген диагноз қойылған қыздар мен жас әйелдер енді өз баласын көтере алатынына үміттене алады.
Қайтыс болған донордан жатыр трансплантациясы арқылы туған баланың донормен генетикалық байланысы болмайды.
Жатыр донорлығы басқа мүшелер донорлығынан (мысалы, бүйрек немесе жүрек) ерекшеленеді – ол донор отбасының арнайы келісімімен ғана жүзеге асады, тіпті олар марқұмның басқа мүшелерін донорлыққа беруге жалпы келісім берген болса да.
Ұлыбританияда “болжамды келісім” қағидаты қолданылады: егер адам тірі кезінде донорлықтан бас тартпаса, ол қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген деп есептеледі.
Аноним болуды қалаған донордың ата-анасы қыздарының қалдырған мұрасын “үлкен мақтаныш” деп бағалаған.
Жатырдан бөлек, ол тағы бес органын донорлыққа беріп, төрт адамға трансплантация жасалған.
“Орган донорлығы арқылы ол басқа отбасыларға қымбат уақыт, үміт, сауығу және енді – өмір сыйлады”, – делінген отбасының мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұған дейін жүктілігі жайлы білмеген әйел жұмыс орнындағы дәретханада босанып қалғаны хабарланған еді.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты