Ұлыбританияда әлемдегі ең қарт ер адам 112 жасында қайтыс болды
Британиялық Джон Альфред Тиннисвуд “Титаник” суға кеткен жылы, яғни 1912 жылы тамызда Ливерпульде дүниеге келіп, екі дүнижүзілік соғысты көрді. Ол испан тұмауы мен коронавирус пандемиясын бастан өткерді. Гиннестің рекордтар кітабы сейсенбі күні Джон Альфредтің 112 жасында қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: guinnessworldrecords.com
Гиннестің рекордтар кітабы биыл сәуір айында 114 жастағы венесуэлалық Хуан Висенте Перес Мора қайтыс болған соң Джон Альфред Тиннисвудті әлемдегі ең қарт ер адам деп таныған еді.
Джон Альфред әйелі Блодвэнді Ливерпульдегі би кезінде кездестіріп, 1942 жылы үйленген. 1943 жылы ерлі-зайыптының Сюзан есімді қызы дүниеге келді. 44 жыл отасқан соң, 1986 жылы Тиннисвудтің әйелі Блодвэн өмірден өтті.
Ер адам 112 жасында төрт немере мен үш шөбере сүйіп үлгерді.
Джон Альфред Тиннисвуд екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбританияның Корольдік пошта қызметінде, содан кейін Shell және BP компанияларында есепші болып жұмыс істеді. 1972 жылы зейнетке шықты.
2012 жылы 100 жасын тойлағалы бері марқұм ІІ Елизавета патшайымнан, кейін Ұлыбританияның қазіргі патшасы ІІІ Карлдан туған күніне құттықтау ашықхатын алып келеді.
Ер адам жас кезінде өте белсенді болғанын, көп жаяу жүретінін айтқан еді. Алайда BBC-ге берген сұхбатында ұзақ жасауының себебі өзі де білмейтінін айтты.
“Басқа адамдардан еш айырмашылығым жоқ. Адам не ұзақ өмір сүреді, не ғұмыры қысқа болады. Мұны еш өзгерте алмайсың”, – деген еді ол сұхбатында.
Жер бетіндегі ең қарт адам және ең қарт әйел атағы қазір 116 жаста болған жапондық Томико Итоокаға тиесілі. Ерлер арасында ең ұзақ өмір сүріп, рекорд орнатқан – жапондық Дзироэмон Кимура. Ол 2013 жылы 116 жасында өмірден өтті.
Longeviquest сайтының мәліметінше, қазір әлемдегі ең қарт адам – бразилиялық Жоао Марио Нето. Ол қазір 112 жаста.
Бұған дейін 111 жастағы британиялық азамат әлемдегі ең кәрі ер адам атанғаны туралы жазған едік.