Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбритания королі Чарльз III інісін "ханзада" атағынан айырды: Бұған оның атышулы Эпштейнмен байланысы себеп

Фото: Steve Parsons/Getty Images

Ұлыбритания королі Чарльз ІІІ-тің кіші інісі, ханзада Эндрю барлық атағынан айырылып, Виндзор қамалындағы пәтерінен кететін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

30 қазан күні Букингем сарайы бұл хабарламаны ресми түрде мәлімдеді. Онда ханзада Эндрюге Royal Lodge-та “жалдау шартын бұзу туралы ресми хабарлама берілгені” және “басқа жеке тұрғын үйге көшетіні” айтылған.

BBC хабарлауынша, Эндрю Норфолктегі Сандрингем корольдік мүлкіне көшеді. Ал патша оның тұрғын үй ақысын төлейді. Бұл шешімді қабылдауға ханзада Эндрюдің Эпштейнмен байланысы себеп болған. 

Эпштейн мен Эндрюді не байланыстырады?

Букингем сарайы бұл шешімді ханзада Эндрюдің кәмелетке толмағандарға сексуалдық зорлық жасады деп айыпталған америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланысы туралы даудан кейін қабылдағанын хабарлады.

Эпштейн 2019 жылы түрме камерасында көз жұмған еді.

"Ханзада Эндрю өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарса да бұл шаралар қажет деп танылды. Себебі патша мен патшайым кез келген зорлық-зомбылық құрбандарына жанашырлық танытатынын мәлімдейді", – делінген Букингем сарайының хабарламасында.

Эндрюдің Эпштейнмен достық қарым-қатынасы Вирджиния Джуффренің жақында жарияланған естеліктерінен кейін қайта қызу талқыланды. Онда Джуффре өзінің Эпштейн саудасының құрбаны болғанын жеткізген. Сондай-ақ 17 жасында ханзада Эндрюмен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болғанын айтады.

Десе де Эндрю Ұлыбритания тағына үміткер болып қала береді.

Букингем сарайының мәліметінше, ханзада Эндрю енді Эндрю Маунтбаттен-Виндзор деген есім алады. Қазан айының басында Эндрю Йорк герцогы атағынан бас тартқанын жариялады.

2022 жылы ол басқа атақтарының көпшілігінен айырылып, корольдік міндеттерінен босатылды. Ол ханзада атағынан айырылғанымен, мұрагерлік етуден автоматты түрде алып тастамайды. Эндрю мұрагерлік етушілер қатарында сегізінші орында.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 31 Қазан, 2025 15:54
Талқылау