"Ұл туып бере алмадың": Тувада күрес жаттықтырушысы үш қыз туған әйелін өлімші етіп сабап өлтірді

35 жастағы күрес жаттықтырушысы Кежик Кара-Салдың өз әйелі Ай-Суу (Айымды) өлімші етіп сабаған қылмыстық ісі Тувада сотқа жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Комсомольская правдаға” сілтеме жасап хабарлайды.
Көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға 2025 жылғы 21 қазанда Чадан қаласында болған. Ер адам әйелін бір сағат емес, бірнеше сағат бойы аяусыз соққыға жыққан. Ал содан кейін қылмыскер бар кінәні марқұмның өзіне аударып, “мені өзі арандатты” деп ақталуға тырысқан. Алайда сарапшылар бұған керісінше қорытынды жасады.
“Маған қара! Қызым қайда?!” – деп сот залында өлтірілген әйелдің анасы Марта Монгуш айқайға басты.
Айым небәрі 31 жаста еді. Көрікті, көңілді, жүрегі жұмсақ жан болған. Күйеуінің қолынан қаза тапқаннан кейін үш қызы тұл жетім қалды.
Фото: Жеке архив
Оқиғаның мән-жайын жақындары айтып берді.
Отбасының таныстарының сөзінше, Кежик Кара-Сал мен Айымның махаббат оқиғасы мектеп кезінде басталған. Ол – нәзік, қуыршақтай сұлу, ал Кежик – спортпен шұғылданатын ірі денелі жігіт, өзінен үш жас үлкен. Мектептен кейін екеуі Красноярскіге заңгерлікке оқуға түскен. Кежик университетте, Айым колледжде білім алған. Біраз уақыт бірге тұрып, кейін үйленген, балалары дүниеге келді.
Кежик Чадан қаласындағы жекпе-жек орталығына жұмысқа орналасып, балаларды жаттықтырды. Сырт көзге сыйлы, ел алдында жүрген адам көрінгенімен, отбасында не болып жатқанын ешкім білмеді.
Күйеуі шәкірттерін күреске баулыған кезде, Айым үй шаруасын толық өзі атқаруға тиіс болыпты. Оған жұмыс істеуге де, оқуын жалғастыруға да рұқсат берілмеген.
“Сенің міндетің – балалар мен үй” деген талап қойылған көрінеді.
Айымның жақындары Кежиктің балаларға аса мән бермегенін, сабақ үлгерімі қандай, немен айналысатынын білмейтінін алға тартты. Үйде сирек болып, көбіне мал қасында жүрген. Салдарынан нәзік әйелдің мойнына ер адамдар істейтін ауыр жұмыс та түсті дейді туыстары.
Кеше ғана сүйем деген адам…
Алғашында Айым бәріне төзіп жүрді. “Бәрі өзгереді” деп үміттеніпті. Бірақ уақыт өте жағдай нашарлай түскен. Кежик ішімдікке салынып, достарымен қыдырып жүрді.
Ал әйелі бар ауыртпалықты жалғыз көтергені соншалық, белін жарақаттап алған. Дәрігерлер ауыр көтермеуді ескерткен. Бірақ басқа амал болмаған.
“Жаттықтырушылардың жалақысы онша көп емес еді. Ол әр тиынды санап, қайда жұмсағанын сұрап, әйелінің әр қадамын бақылап отырды”, – дейді құрбысы.
Құрбының айтуынша, бір күні Айым күйеуіне “Аздау ішсеңші… Қыздардың сабағын қарап тұрсаң” дегенде, ол ашуға мініп, жұдырық ала жүгірген. “Сен кімсің өзі? Ешкім емессің!” деп қорлаған. Сол кезде Айым кеше ғана сезімін білдірген адамның бүгін қол көтергеніне сене алмай қалған.
Көгерген денесін жасырып жүрді
Бір күні құрбылары Айымның денесіндегі көгерген іздерді байқап “Не болды?” деп сұрағанда, ол “Құлап қалдым” деп ақталып жүріпті. Кейін шыдай алмай, шындықты айтқан.
“Кежик болмашы нәрсеге бола ашуланып, ұратын болған. Бірақ Айым ешкімге шағымданбады. Тіпті оны қорғап “Ол жаттықтырушы ғой, балаларға үлгі. Оны масқаралауға болмайды” дейтін”, – дейді құрбысы.
Ақша жетпеген соң, Айым өзі фотоға түсіруді үйреніп, той-мерекелерде жұмыс істеді. Торт пісіріп, тапсырыс қабылдады. Арманы – наубайхана ашу еді. Барлығы балалар үшін, отбасын сақтау үшін жасады дейді құрбылары. Ал күйеуі мұның бәрін қалыпты нәрсе деп қабылдап, қорлап, ұрып-соғуды жалғастырған.
“Ұл туып бермедің…”
Айым құбыларына Кежик көзіме шөп салып жүр, басқа қыздармен кездеседі” деп шағымданып жүрген. Алайда ашық сұрай алмай, жасырын жылап жүріпті.
Күндердің бір күнінде Айымға әлеуметтік желіде бейтаныс әйел “Кежиктің ұлы туғанын білесің бе? Ал сен оған ұл туып бере алмадың” деп жазған. Көп ұзамай оның жергілікті ауруханада жұмыс істейтін “Медуза” лақап атымен танылған қыз екені анықталды. Сөйтсе, күйеуі басқа әйелмен ұзақ уақыт кездесіп жүрген. Ол әйел оған ұл тауып берген.
Алайда жаттықтырушы әйелінен кетпей, керісінше, Айымды Медузамен байланысын үзгеніне сендірген. Айым болса, отбасын сақтап қалу үшін кешірген көрінеді.
Оң жақта Медуза, сол жақта Айым. Фото: Жеке архив
Отбасында қалғанымен, Кежик ішкі күйзелістен арыла алмаған. Себебі басқа жерде оның кішкентай ұлы өсіп келе жатқан (қазір бала шамамен екі жаста). Жиналған ашу-ыза мен ыза-кекті ол әйелінен алған. Марқұмның құрбыларының айтуынша, ол өзін ұстай алмайтын, әйелін балағаттап, қорлап, тіпті тепкілеп ұратын кездері де жиі болған.
Құрбылары Айымды талай рет кетуге үгіттеген:
“Қыздарыңды алып кет, біз көмектесеміз. Пәтер тауып береміз, жұмыс үйренесің, кірпік, қас жасап табыс табасың. Бастысы – одан қаш!” – деп көндіруге тырысқан.
Алайда Айым кете алмады. Бетіндегі көгерген іздерді жасырып, бәрін кешіре берген. Осылайша тым кеш болғанға дейін шыдап жүре берген.
Қайғылы оқиға болған түн
2025 жылғы 20 қазанда Кежик танысымен кездесіп, бірге ішімдік ішкен. Кейін жолдасы кетіп қалады. Ал ол аулада қасқыр шапқан жылқысын тексеруге шығып, біраз уақыт сыртта жүрген соң үйге қайта оралған. Қыздары ұйықтап жатқан, Айым дастарқанды жинап жүрген. Сол сәтте ерлі-зайыптылардың арасында не болғаны нақты белгісіз.
Бірақ бір мезетте Айым сырт киімсіз, тек жеңіл шалбар мен футболкамен, тіпті жалаң аяқ үйден жүгіріп шыққан. Ол тығылатын жер іздеп, абдырап жүргенде күйеуі қуып жеткен. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам әйелін ұзақ уақыт бойы аяусыз соққыға жыққан. Кейін оны уақытша үйге қалдырып кеткен. Айым алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмған.
Таңертең Кежик сарайға кіріп, әйелінің тыныс алмай жатқанын түсінеді. Соған қарамастан балаларын мектеп пен балабақшаға жіберіп, өзі жұмысқа барып келген. Кейін қысқа уақыт ішінде адвокат тауып, кешке өз еркімен кінәсін мойындаған.
Ол тергеу барысында қылмысты “қызғаныштан” жасағанын айтқан. Оның сөзінше, сол түні әйелі басқа адамға кететінін айтып, өзін арандатқан-мыс. Тіпті жасырын түрде ауқатты көңілдеспен кездесіп жүргенін, сыйлықтар алғанын жеткізгенін алға тартқан.
Осыны естігенде өзін ұстай алмай қалғанын, не істегенін есіне түсіре алмайтынын, “көзін тұман басқанын” айтып, әрекетін аффект жағдайымен түсіндіруге тырысқан.
Ал Айымның туыстары бұл сөздерді үзілді-кесілді жоққа шығарады.
“Оның күйеуінен басқа ешкімі болған емес. Үйін, балаларын арқалап жүрді. Жылдар бойы бәріне төзді. Ал енді оны кінәлі етіп көрсеткісі келеді”, – дейді жақындары.
Марқұмның анасы. Фото: 108 арна
Мамандардың қорытындысы бойынша, әйелге жасалған зорлық қысқа уақыттық эмоцияның әсері болмаған. Қылмыс бірнеше минут емес, әлдеқайда ұзақ уақытқа созылған. Ал заңда аффект – сана уақытша тұманданып, 10–15 минуттан аспайтын қысқа күй ретінде қарастырылады. Демек, бұл жағдайда мұндай жағдай болмағаны сараптамамен дәлелденді.
Сот процесі
Резонанс тудырған іс ақпанда аудандық сотта қарала бастады. Алғашқы отырысқа айыпталушының адвокаты келмей қалып, жаңа қорғаушы тағайындауға тура келген. Оған іс материалдарын зерделеу үшін уақыт қажет болғандықтан, келесі сот отырысы 3 наурызға белгіленді.
Фото: 108 арна
“Әдемі, көңілді қызымды өсірдім. Осындай тағдырға тап болады деп кім ойлаған?..” – деп марқұмның анасы қайғыдан қан жұтып отыр.
Егер сот айыптыны кінәлі деп тапса, оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты