Эстрада жұлдыздары плагиат әндерге қатысты өз ойларын айтты
Өнер жұлдыздары плагиат әндерге қатысты пікір білдірді. Олардың бірі ұнаған әнді орындаудың еш әбестігі жоқ екенін айтса, енді бірі плагиатшыл әншілерді заң жүзінде тәртіпке келтіру керек дегенді алға тартуда.
Әпкелі-інілі Жорабаевтар «музыканың тілі болмайды, өнерде шекара жоқ» дейтін әншілердің қатарында. Олардың айтуынша, бүгінде ән ұрламайтын әнші кемде-кем.
Бұл туралы 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасында айтылды.
«Алмайтын әнші жоқ. Оның қайсыбіріне айта бересің. Менің репертуарымда анама арналған ән бар. Соның әні Мәхір Заинның «Believe» деген әнінен алынған. Сөзі бірақ өзімнің бауырым Дулат Құйқас деген жігіттікі. Кейбіреулер айтады шетелден алыпсыңдар деп. Ал меніңше, өнерде шекара, музыкада тіл болмайды», – дейді Талғат Жорабаев. Інісінің сөзін әпкесі де қоштай кетті. Алтынай Жорабаева да әншінің жүрегі қалап тұрса, өзге елдерден ән алуға болатынын айтуда.
«Аспанға қарап, жұлдыздарды санап» танымал бола шыққан әнші Абай Бегей де Жорабаевтардың пікіріне қосылды.
«Менің репертуарымда түрікменнің әні бар, «Бағалым» деп аталады. Сөзі Ринат Зайытовтікі. Одан бөлек «Сен ғана» деген ән болатын. Оны кейіннен Серікбол «Ой, жеңге» деген атаумен шығарды. Серікболға дейін аталмыш әнді мен батыс өңірлерінде айтып жүрдім. Ол да қырғыздың әні. Өзім онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Егер әуені ұнап жатса алуға болады», – деп пікір білдірді ол.
Ал Серікбол Сайлаубек ұрланған әнге бола соттала қоймайтынына сенімді.
«Мен ол әнді алып, жамандап жүрген жоқпын. Ең бастысы екі тарап келісімге келіп, дұрыс болса, авторлық құқық не істей алады?» – деп ағынан жарылды Сайлаубек.
Ал «Кінәлай алмайды мені ешкім, шетелдің әнін алған мен ғана емеспін» деп әндеткен әнші Әбдіжаппар Әлқожа шындығында плагиатқа қарсы болып шықты. Әнші «Ұрланған ән» деп аталатын туындысын белгілі бір мақсатпен жаздырғанын айтып ақталды:
«Біздің қазақтың қыздары, жастар, әсіресе, шетелден бір әншілер, топтар шықса, соларға еліктеп тұрады. Қазақи жігіттерді байқамай қалады. Соларды ойлап жаздыртқан әнім. Ойымдағыдай шықты, халық та оң бағасын беріп жатыр. Иә, бұл әнді ұрлап тұрып «ұрладым» деп айттым. Қыздарға арнадым. Өйткені түнгі клубтарға, кештерге барып қалсаң, қыздар үлкен ырғақты, дыбыстары қатты әндерге билейді. Бірақ бұдан былай шетелдің әнін ұрламаймын. Егер өздері ұсынып, авторлық жағынан заңдастырып беретін болса, еш қарсы емеспін. Бірақ жалпы ұрлап алуға қарсымын».
Жіберіп алмаңыз:
Эстрада жұлдыздары алғаш рет қанша жаста сүйіскендерін айтып берді
Келін атанған эстрада жұлдыздары енелерімен қарым-қатынастары жайында айтып берді
Қайрат Нұртас халық әнін «бұзып» айтқан Қайрат Түнтековті сынады
Домбырашы қазақ жігіт тв-шоуда өзін ұнатып қалған моңғол сұлуына қарсылық білдірді (фото, видео)