ҰБТ тапсырудан бас тартқан оқушы шетелдің 86 оқу ордасынан шақырту алды
Фото: Айсұлтан Алтынбек
Арыс қаласындағы білім ұясының түлегі Айсұлтан Алтынбек биыл мектеппен қоштасады. Бала күнінен IT саласына қызыққан түлек бүгінде мектебінің ғана емес, бүтін бір Түркістан облысының мақтанышына айналып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Барлығы 100 университетке жеке-жеке ұсыныс тастаған 11-сынып оқушысы 86-нан шақырту алған.
“Үмітім зор болды. Бірақ жіберген ұсыныстың бәрі қабылданып, 86-нан шақырту келеді деп күтпедім. Мені оқуға шақырып отырған университеттер қатары әлі де артуы мүмкін. Тағы 10 оқу ордасынан жауап күтіп отырмын. Әзірге АҚШ-тың 68, Түркияның 7, БАӘ-нің 4, Венгрия мен Англияның 2 және Малазия, Испания жоғары оқу орындарынан оң жауап бар. Осылайша Бұл нәтижеге 10-сыныптан бастап дайындалдым”, – дейді Айсұлтан.
Бір қызығы 11-сынып оқушысы ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Халықаралық дәрежедегі емтиханнан жоғары балл жинапты. SAT-1380, Duolingo-120 балл. Бұл әлемнің ең үздік оқу ордаларына жол ашатын нәтиже дейді.
“Басқа елде, басқа ортада тұрып, білім алғым келеді. Әр түрлі мәдениетті көріп, танысу қашан да қызық қой. Арманым Венгрияда білім алу болатын. Бірақ ол жақтан шақырту келгеніне қарамастан Испания мен Малазияға баратын сияқтымын. Әзірге қайда оқитыным белгісіз. Таңдап жатырмын”, – дейді Айсұлтан.
Арыс қаласындағы “БИЛ” түлегі қарапайым отбасынан шыққан. Анасы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болса, әкесі фельдшер. Отбасында 7 бала. Өзінен кейінгі қарындасы “НИМ” білім алып жатыр екен.
“Кішкентай кезімде әкем компьютерлік ерекше ойын әкелді. Онда тура біздің қазақтың тарихи бейнесін суреттелген. Сонда бала жүрегімде арман пайда болды: “Мен де қазақша, қазақтың тарихын танытатын ойын ойлап тарсам ғой” деген еді. Осы арманды жүзеге асыру үшін IT саласын таңдаған шығармын. Әрине қазір армандар өсті, өзгерді. Әйтсе де, ойын ойлап табу деген мақсатымнан айныған жоқпын”, – дейді оқушы.
Айсұлтанның тағы бір арманы бар. Ол өзге де қазақ балалары өзі сияқты шет елдік оқу ордаларынан шақырту алса дейді.
“Менің жолым болды. Біздің мектепте шәкірттердің көбі шет елге оқуға шақырту алады. Алдыңғы буын ағаларымнан жол сұрап, ізденіп, мен де көп таңдау жасауға мүмкіндік алдым. Өзімнен кейінгі қазақ балаларына осы жол түсінікті болу үшін қазақша сайт ашқым келеді. Ол жерде құжаттарды жинау, емтихандарға дайындалу, оқу ордаларын таңдау сияқты ақпараттар болғанын қалаймын”, – дейді озат оқушы.
Айсұлтан IT-ден бөлек әдебиетке де қызығады. Күніне жарты сағатын кітап оқуға арнайтын бозбала қазір “Хәрри Потерді” ағылшын тілінде оқуды бастаған.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
