"Бағаны әдейі төмендетеді": Белгілі кәсіпкер "Яндекс.Такси" бәсекелестеріне Қазақстан нарығына шығу неге қиын екенін айтты
Фото: depositphotos.com
İnDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Яндекс жаңа ойыншыларды Қазақстандағы такси нарығынан қалай ығыстыратынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол жаңа сервистердің Қазақстан нарығына кіруі неге қиын екенін түсіндіріп, бәсекелестікке кедергі келтіретін факторларды атады.
“Bolt пен Didi-ге Қазақстан нарығына шығу неге қиын? Нарықта жаңа компания пайда болса, Яндекс Go немесе Uber KZ бағаларды күрт төмендетіп, жүргізушіге берілетін сый-сияпатты арттырып, өздеріне байлап қояды. Бұл жағдай жаңа ойыншыға қиын соғары сөзсіз. Сол себепті нарықтан кетуге тура келеді. Кейін шығындарын қайтару үшін Яндекс бағаларды бұрынғыдан да жоғары қоюы мүмкін. Мұндай тактика үстем компания тарапынан “predatory pricing” яғни бағаны төмендету саясаты деп қабылданады. Бұл көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, бәсекелестікті қорғау заңнамасына қайшы. Бірақ оның орындалуын қадағалау керек”, – деп жазды Томский.
Яндекс.Такси Қазақстанда бағаны қайта қарайды – Агенттік тексеріс нәтижесін жариялады
Оның айтуынша, ірі ойыншы тек бағаны төмендету саясатын ғана емес, басқа да тетіктерді пайдаланады.
“Сонымен қатар монополияны сақтап қалудың басқа жолдарын да қолдануы мүмкін. Мысалы, қосылған таксопарктерге жаңа сервиспен жұмыс істеуге тыйым салынады. Ал үлкен компаниялар өздерінің карталарын қолдануға мүмкіндік бермейді. Қазақстандағы Google Maps сапасы өте төмен. Сәйкесінше бұл да нарықтан кетуге әсер етеді”, – деді ол.
Арсен Томский монополияның халық үшін де, мемлекет үшін де зиянды екенін айтып, билікке нақты ұсыныс жасады.
“Жалпы монополия халыққа да, мемлекетке де зиян, әсіресе ол геосаяси тәуекелдермен байланысты болса. Билік шынайы әрі әділ бәсекелестік орнайтындай жағдай жасағаны жөн, сонда 2-3 ірі сервис және бірнеше шағын компания қатар жұмыс істей алар еді”, – дейді Томский.
Еске салсақ, осыған дейін "Яндекс.Такси" тарифтердің қымбаттайтыны туралы үш күн бұрын хабарлауға міндеттелген еді.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
