Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

World Boxing-тің табысты болашағына берік негіз қалаймыз: Геннадий Головкин алдағы жоспарын бөлісті

Геннадий ГоловкинФото: ҰОК

Жақында World Boxing ұйымының президенті болып сайланған Геннадий Головкин 2026 жылға арналған мақсаттары мен жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, World Boxing-тің басты құндылығы – спортшылар.

Осыған байланысты жарыстарға іріктеу жүйесі әділ әрі ашық болуы үшін бар күшін салмақ.

"Спортшылар – World Boxing-тің жүрегі және басты мақсаты. Біз басқару жүйесінде олардың рөлін кезең-кезеңімен арттырамыз, іріктеу мен жолдама алу процесін әділ әрі ашық етеміз, сондай-ақ спортшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз", – деді Головкин.

Сондай-ақ ол сөзден гөрі істі маңызды санайтынын атап өтті.

"Мен сөзден гөрі іске жақын адаммын. Барлық мүше ұйымдармен тұрақты байланыста боламын және алдағы жылы тығыз әрі бірлескен жұмысқа дайынмын", – деді ол.

Бұған қоса Геннадий Головкин 2026 жыл World Boxing ұйымының берік әрі тұрақты іргетасын қалау жолындағы шешуші кезең болатынын айтты.

"Біз бірге World Boxing-тің тұрақты әрі табысты болашағына мықты іргетас қалаймыз. 2026 жыл – қарқынды еңбек, нақты прогресс және ортақ жетістіктер жылы болсын", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 2025 жылдың қараша айында World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.

Сондай-ақ Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енді. Ол бұл мәртебеге ие болған тұңғыш қазақстандық спортшы. IBHOF жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан үздік тұлғаларды марапаттайды.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 11:58