Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Wildberries елдегі Solva микроқаржы ұйымын сатып алатыны туралы ақпарат тарады

Коллаж: Stan.kz

Wildberries компаниясы қазақстандық Solva микроқаржы ұйымының үлесін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сатып алу туралы қауесет

Жалпы, Wildberries те, Ozon да Қазақстан бағытындағы бизнесін белсенді түрде дамытып келеді. Егер бұл ақпарат расталса да, барлық қаржылық операциялар толықтай Solva арқылы жүзеге асады деу қиын. Дегенмен онлайн-ритейл үшін өз қаржылық инфрақұрылымының болуы өте маңызды.

Осы ақпаратқа қатысты Stan.kz Wildberries және Solva компанияларынан мән-жайды сұрап білді. 

Wildberries компаниясының ресми ұстанымы мынадай. 

“Компания нарықтағы қауесеттерге түсініктеме бермейді және тек компанияның ресми хабарламаларына сүйенуге шақырады”, – делінген жауапта. 

Ал Solva микроқаржы ұйымы жазбаша пікір білдіретінін айтты. 

Компания дефолтқа ұшырауы мүмкін бе?

Бұған дейін, экономист Эльдар Шамсутдинов OnlineKazFinance микроқаржы ұйымының (Solva бренді) клиенттеріне жіберілген хатты жариялады. Оның айтуынша, бұл хабарламада компанияның дефолтқа ұшырау ықтималдығы, яғни қарыз міндеттемелерін орындай алмау қаупі туралы айтылған.

Экономистің сөзінше, компанияның ішінде де қызметкерлерге басшылық тарапынан хаттар таратылып, онда фирманың қаржылық мәселелері қозғалған.

“Дефолт болуы мүмкін бе? Менің ойымша, оның ықтималдығы аса жоғары емес. Бірақ бүгін бұл сценарий бұрынғыдан әлдеқайда шынайы көріне бастады”, – делінген іскерлік хатта.

Қаржылық көрсеткіштер алаңдатады

Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, 2026 жылы 1 қаңтардағы қаржылық көрсеткіштер мен соңғы жаңалықтар фоны компанияның жағдайын “екіұшты әрі алаңдатарлық” етеді.

  • Компания активтері – 152,9 миллиард теңге;
  • Несиелік портфель – 151,1 миллиард теңге;
  • Меншікті капитал – 18,1 миллиард теңгеге дейін азайған;
  • Шығын – 10,1 миллиард теңге.

Сонымен қатар:

  • проблемалық несиелер үлесі 23,06%
  • 30 күннен астам мерзімі өткен берешек 34,9 миллиард теңгеге жақындаған.

Экономистің сөзінше, компанияға несиелік рейтингтің кері шақырылуы және микроқаржы ұйымын банкке айналдыру әрекеті де әсер етуі мүмкін. Себебі мұндай өзгеріс барысында компания ықтимал шығындарды жабу үшін қосымша қаржылық резерв қалыптастыруы тиіс.

Банкке айналу жоспары жүзеге аспады

ОнлайнКазФинанс ұйымын Solva Bank ретінде қайта ұйымдастыру туралы хабарлама KASE сайтында 2022 жылы 15 желтоқсанда жарияланған еді. 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы есепте компания бір жыл ішінде банкке айналып, тиісті рұқсат алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш беруге дайындалып жатқаны айтылған. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында агенттік микроқаржы ұйымына банкке айналуға рұқсат бермеді.

Облигациялар

Жақын уақытта компания екі облигациялық шығарылым бойынша қарызын өтеуі тиіс. Инвестициялық хат авторының бағалауынша, Solva бұл міндеттемелерді орындауы мүмкін. Бірақ эмитент төңірегіндегі алаңдаушылық артып келеді.

Қазір компанияның есебінде 16 облигациялық шығарылым бар. Актив көлемі бойынша Solva Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары арасында үшінші орында тұр (152,9 миллиард теңге).

Компанияның құрылтайшылары

KASE деректеріне сәйкес, ОнлайнКазФинанс құрылтайшылары:

  • Neo Crystal Holdings – 12%;
  • Solva Group – 13%;
  • Solva Capital – 75%.

Neo Crystal Holdings компаниясы мысырлық кәсіпкерлер Савирис әулетіне және ZCP инвестициялық қорының серіктестеріне тиесілі.

Ал Astana Financial Services Authority (AFSA) ашық реестріндегі мәлімет бойынша, Solva Group құрылтайшылары арасында 18 жеке тұлға және 3 компания бар. Олардың қатарында Александр Дунаев, Борис Батин және Neo Crystal Holdings көрсетілген.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 15:27