WhatsАpp арқылы терроризмді насихаттаған Шымкент тұрғыны 8 жылға сотталды
"WhatsАpp" желісі арқылы терроризмді насихаттаған Шымкент тұрғыны жазаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы У-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Оған қылмыстық кодекстің “Телекоммуникация желілерін пайдаланыла отырып, терроризмді насихаттау мазмұнындағы материалдарды тарату, экстремистік әрекеттерін ұйымдастыру мақсатында азғырып көндіру” бабы бойынша айып тағылған.
“Анықталғандай, сотталушы 2024 жылдың қыркүйек айында өзінің ұялы телефонынан "WhatsАpp" желісі арқылы ашқан "Әл" тобына халықаралық террористік ұйымының көзқарастарына жататын аудио және текстік хабарламаларды салып, куәлер М мен Т-ға терроризмді насихаттап, оларды экстремистік әрекеттерін ұйымдастыру мақсатында азғырып көндірген”, – делінген хабарламада.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, өзіне жеңіл жаза сұрады. Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот күдіктіге қатысты 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.
Еске салсақ, осыған дейін Иракта терроризмге жәрдемдесті деп өмір бойына бас бостандығынан айырылған алты әйел ел үкіметінен көмек сұраған еді.