Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

WhatsApp iPhone иелері үшін ауқымды жаңарту дайындап жатыр

WhatsApp жаңартуФото: Pixabay.com

Танымал мессенджер WhatsApp енді Apple экожүйесінің эстетикасына барынша бейімделуді көздеп отыр. Әзірлеушілер қазір Liquid Glass деп аталатын жаңа интерфейсті сынақтан өткізіп жатыр. Онда жартылай мөлдір панельдер, тереңдік әсері және “тірі” шағылыс элементтері қолданылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сынақ нұсқасының мәліметіне сәйкес, жаңа стиль қосымшаның сыртқы келбетін iPhone жүйесінің өзіне барынша жақындатады. Негізгі ерекшелік – басқару элементтері жартылай мөлдір болады. WabeTaInfo ақпаратына сүйенсек, “сұйық әйнек” әсері қосымшаның негізгі бөлімдеріне енгізіледі:

  • Қойындылар панелі: чаттардың жоғарғы жолағы мен бөлімдер сәл мөлдір болып, артқы фонды бұлдыратып көрсетеді;

  • Чат терезесі: батырмалар мен контекстік мәзірге тереңдік эффектісі беріледі;

  • Басқару батырмалары: көлемді әрі “әйнекке ұқсас” стильде көрінеді;

  • Контекстік мәзір: интерфейспен біртұтас, жұмсақ визуалды әсерге ие болады.

Жаңа эффект қосымшаның жарық және қараңғы режимдеріне автоматты түрде бейімделеді.

Қазір Liquid Glass интерфейсі бета-нұсқада сынақтан өтіп жатыр (TestFlight бағдарламасы арқылы). Әзірге бұл дизайнға WhatsApp Business қолданушыларының бір бөлігі ғана қол жеткізген.

Meta компаниясы жаңартудың нақты қашан жаппай іске қосылатынын ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен, әдетте тестілеу кезеңінен толық енгізуге дейін бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт кетеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 23:48