Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

WhatsApp 13 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы аккаунттарды іске қоспақ

Фото: WhatsApp мессенджері

WhatsApp мессенджері компания ресми мәлімдеме жасап, 13 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы аккаунт түрін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі dwglavnoе порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа аккаунттарда функциялар шектеулі болады. Балалар бұл профиль арқылы тек хабарлама алмасып, қоңырау шала алады. Сонымен қатар мұндай аккаунттарды міндетті түрде ата-анасы немесе қамқоршысы бақылап отырады.

Компанияның мәліметінше, ата-аналар баланың аккаунтымен кім байланыса алатынын, сондай-ақ оның қандай топтарға қосыла алатынын өздері шешеді. Бұдан бөлек, олар белгісіз нөмірлерден келген хабарлама сұраныстарын көріп, құпиялылық параметрлерін де басқара алады.

Соңғы жылдары балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына қатысты алаңдаушылық артып отыр. Мысалы, Аустралия балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізген алғашқы елдердің бірі болды. Мұндай шаралар жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау мақсатында қолға алынған.

Сарапшыларды мессенджерлердегі қауіпсіздік мәселелері де алаңдатып отыр. Кейбір жағдайларда алаяқтар қолданушыларды алдап, қауіпсіздік кодтарын немесе PIN-кодтарын айтуға көндіріп, олардың жеке аккаунттары мен топтық чаттарына қол жеткізіп кеткен.

Осыған байланысты WhatsApp балаларға арналған аккаунттарда қауіпсіздік пен ата-аналық бақылауды күшейтуді көздеп отыр.



Еске салайық, Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесі мәжіліс депутаттарының ұсынысынан кейін көтерілді. Қазір оқу-ағарту министрлігінде бұл бастаманы зерделеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, балаларды зиянды контенттен қорғау жолдары қарастырылып жатыр. Түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 09:37