ВВС басылымы: “Интер” “Қайратпен” ойыннан кейін қорқыныштың не екенін түсінді
Фото:”Қайрат” фк
Британияның атақты BBC басылымы Чемпиондар лигасының төртінші турында өткен “Қайрат” пен “Интер” арасындағы матчқа талдау жасап, “Интер” бұл кездесуден кейін қорқыныштың не екенін анық түсінді деп жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
BBC басылымы Чемпиондар лигасының төртінші турында өткен “Қайрат” пен “Интер” арасындағы матчқа пікір білдірді.
“Миланның "Интері" Чемпиондар лигасының биылғы маусымында мінсіз сериясын жалғастырып келеді. Алайда Қазақстанның "Қайратымен" болған матч командаға нағыз қысымды сезінуге мүмкіндік берді. Итальяндықтар бұған дейінгі үш ойында да жеңіске жетіп, тоғыз гол соғып, өз қақпасына бір де бір доп өткізбеген болатын. Бұл кездесуде де басымдық солардың жағында болады деп күтілді. Расында, "Интер" ойынды жоғары қарқынмен бастап, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Бірақ Лаутаро Мартинес бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп, бір соққысы тіпті қақпа сызығынан қайтты. Ұзақ үзілістен кейін ғана есеп ашылды – капитан Мартинес жақын қашықтықтан дәл соққы жасап, командасын алға шығарды”, — деп жазды BBC.
Басылымның мәліметінше, “Интер” жеңіске сенімді болғанымен, “Қайрат” олардың осал тұсын тауып, есепті теңестірді.
“Дегенмен "Интер" сабыр сақтап, ойын тізгінін қайта қолға алды. Карлос Аугустоның айып алаңынан бағыттаған жойқын соққысы командаға жеңіс сыйлады”, – деп түйіндеді BBC.
Еске сала кетсек, “Қайрат” пен “Интер” арасындағы кездесу 2:1 есебімен италиялық клубтың пайдасына аяқталды. Алайда “Қайрат” сапынан Офри Арад соққан гол миландықтардың темірдей қорғанысын бұзып, қазақстандық команданың қарымын көрсетті. Бұл ойында “Қайрат” Еуропаның алып клубымен терезесі тең деңгейде ойнап, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді

