Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Volkswagen көліктері Өзбекстанда шығарыла бастайды

Көлік-vw.comФото: vw.com

Volkswagen Өзбекстанда "Узавтосаноаттың" еншілес кәсіпорны "Alyans Auto" компаниясымен бірге көліктерді ірі торапты құрастыру зауытын іске қосу туралы келісімшартқа қол қойды. Құрамдас бөліктерді Қытайдан жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Volkswagen Passenger Cars сату, маркетинг және сатудан кейінгі басқару кеңесінің мүшесі Мартин Сандердің LinkedIn сайтындағы жазбасына қарағанда, Өзбекстанда табыс деңгейінің өсуі арқасында автокөлікке деген сұраныс артпақ.

"Volkswagen брендінің күші әсіресе Германияда өндірілген сапалы көліктерді іздейтін Өзбекстанның көбейіп келе жатқан орта табы үшін тартымды", – деп атап өтті ол.

Ол бренд портфелі өзбек тұтынушыларына жақсы бейімделгенін айтты.

"Бізде сегіз стильді седан мен кең жол талғамайтын көліктер бар. Өзбекстандық сатып алушы дәл соны іздейді", – деп жазды Сандер.

Volkswagen көлікті Қытайдағы базасы арқылы жеткізбек.

"Өзбекстан Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан және біз оған Volkswagen China арқылы тиімді қызмет көрсете аламыз. Біздің өндірістік базаға жақын болуы логистикалық шығындарды және көміртегі ізін азайтады", – деп атап өтті компания өкілі.

Автокөліктер өндірісі Өзбекстанда "Узавтосаноаттың" Alyans Auto еншілес компаниясы арқылы іске асырылады.

"Біз аймақта өзінің инженерлік және өндірістік мүмкіндіктерімен танымал Alyans Auto компаниясымен жергілікті SKD (ірі торапты құрастыру) өндірісін кеңейтуден бастаймыз", – дейді Сандер. Ол UzAuto Өзбекстанның автомобиль нарығында көшбасшы екенін еске салып өтті.

"Узавтосаноат" баспасөз қызметі компаниялар арасындағы келісімге IV Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылғанын хабарлады. Келісім-шарт қазіргі заманғы жеңіл автомобильдермен – седандардан бастап толық өлшемді кроссоверлерге дейін үлгі ассортиментін кеңейтуді қарастырады.

Сериялық өндірістің басталуы 2025 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

Аида Тақабаева
Жұма, 13 Маусым, 2025 16:31
Талқылау