Жасанды интеллект жасаған модель Vogue журналына шықты: Бұл сұлулық стандартының өзгеруіне әсер ете ме
Фото: Seraphinne Vallora
Vogue журналының тамыз айындағы санында Guess брендінің жазғы топтамасын жарнамалап тұрған мінсіз аққұба модель көрсетілді. Бірақ суреттің шетінде кішкентай әріппен: "Бұл модель жасанды интеллектпен жасалған" деп жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – Vogue бетінде ЖИ (жасанды интеллект) арқылы жасалған алғашқы модель. Журнал бұл шешімді редакция емес, жарнама беруші қабылдағанын айтқанымен, оқиға үлкен резонанс тудырды.
Сын айтушылар бұл модельдер мен жастар үшін нағыз қауіпті белгі екенін алға тартты. Себебі ЖИ-модельдер адамға тән кемшіліктерден ада және қол жеткізу мүмкін емес сұлулық стандартын орнатады.
ЖИ модельдерді кім жасады?
Жарнаманы жасаған – Seraphinne Vallora компаниясы. Оның негізін қалаушылар Валентина Гонсалес пен Андреа Петрескудың айтуынша, бір ЖИ-модельді жасауға бір айға жуық уақыт қажет. Ал осындай жоба үшін жүздеген мың доллар төленуі мүмкін. Олар модельдердің реалистік бейнеде жасалғанын айтады. Алайда Instagram парақшаларындағы суреттерде біркелкі, стандартты сұлулық образы басым екенін мойындайды.
"Әртүрлілік енгізгіміз келді, бірақ түрлі түсті терісі бар модельдер аз лайк жинайды. Ал бұл – бизнес", – дейді Гонсалес.
Фото: Seraphinne Vallora
“Шынайы модельдерді қорлау”: Бұл кімдердің қарсылығын тудырды?
Плюс-сайз модель Фелисити Хейворд мұндай жарнаманы "қорлау" деп бағалап, бұл инклюзия үшін күресіп жүрген модельдерге соққы деп есептейді. Оның пікірінше, Guess хайп үшін немесе ақша үнемдеу үшін адамды ЖИ-мен алмастыруды таңдаған.
ЖИ бейнелердің әсері тек индустрияға емес, жастардың психологиясына да қауіпті. Eating Disorders Beat ұйымының өкілі Ванесса Лонгли мұндай бейнелер өз денесін қабылдай алмауға, тіпті психикалық денсаулықтың бұзылуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
2024 жылы Dove компаниясы дәл осыны көрсету үшін арнайы науқан өткізген болатын. Олар ЖИ-ге "әлемдегі ең әдемі әйелді" жасау тапсырмасын беріп, нәтижесінде бір-біріне ұқсайтын, аққұба, арық әйелдер бейнесі шыққанын көрсетті.
Тиісті белгіні қою мәселесі
ЖИ арқылы жасалған суреттер тиісті белгісіз ұсынылып жатса, оны оқырман шынайы деп қабылдауы мүмкін. Vogue бұл жарнама ЖИ арқылы жасалғанын көрсетті. Бірақ түсініксіз және ұсақ әріппен жазылған.
Фото: Seraphinne Vallora
Жұмыс орындарына қауіп бар ма?
Model Alliance ұйымының негізін қалаушы Сара Зифф: "ЖИ тек модельдерді емес, визажист, фотограф, сахна дизайнері секілді басқа да кәсіби мамандарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін", – дейді.
Seraphinne Vallora болса, ЖИ-дің толық алмастыра алмайтынын, тек балама құрал ретінде қызмет ететінін алға тартты. Компания сайтында ЖИ қолданудың артықшылығы ретінде шығынды азайту, декорация, визажист пен модельдерге тәуелділіктен арылу жазылған.
Қоғам қалай қабылдады?
Көпшілік Vogue-ты "сенімнен айырылды" деп сынауда. Себебі ол сән әлемінің беткеұстар басылымы болған. Сынаушылар осы жарнама арқылы Vogue ЖИ-модельдерді заңдастырғандай әсер қалдырғанын жеткізді.
Болашақ қандай болмақ?
Технологиялық сарапшы Шинейд Бовелл ЖИ-модельдер саны көбейетініне сенеді. Бірақ олар адамды толық алмастырмайды деп есептейді. Оның айтуынша, жақын арада әр адам өз ЖИ-аватарын жасап, киімді виртуалды түрде өлшеп көре алады. Бірақ уақыт өте келе, шынайылықтан тым алшақ бейнелерге деген қызығушылық жоғалуы мүмкін.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
