Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы

Фото: Stan.kz

Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Тоқаев вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Осы орайда Stan.kz саясаттанушылардан неліктен бұл қызмет қайта енгізілгенін, бұл міндетті кім атқаруы мүмкін екенін сұрап білді. 

Вице-президент лауазымы неліктен қайта енгізілді?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл лауазымның қайта енгізілуі бекер емес дейді. 

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай қажеттілікті көріп отырған сияқты. Өз атынан барлық мәселе бойынша сөйлей алатын, саяси салмағы жеткілікті, өзі баруы міндетті емес алаңдарда президенттің мүддесін таныстыра алатын тікелей өкілі болғанын қалайды”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше, мемлекет басшысы вице-президент міндетін енгізу арқылы басқару тиімділігін арттырғысы келеді. 

“Мысалы, АҚШ-та вице-президент өте маңызды лауазым саналады. Ол президенттің атынан түрлі деңгейдегі форумдарға, соның ішінде НАТО саммиттері мен жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияларға қатысады. Тарихта ықпалы өте жоғары болған вице-президенттер де аз емес. Сондықтан президент Тоқаев бұл қадам арқылы басқару тиімділігін арттырғысы келеді. Себебі жылына ондаған, тіпті елуге жуық сапар жасау президент үшін де үлкен жүктеме. Ал мұндай жағдайда мәртебесі төмен немесе қосарланған қызметі бар тұлғаны жіберу тиімді болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, вице-президенттің болуы орынды шешім сияқты”, – дейді Ғазиз Әбішев. 

Саясаттанушының айтуынша, вице-президент мемлекет басшысының мүддесін білдіретін негізгі өкіл болады.

“Вице-президент қазіргі Сенат спикерінің кейбір функцияларын, мемлекеттік кеңесшінің міндеттерін және белгілі бір деңгейде сыртқы саясаттағы өкілдік функцияларды да қатар атқаруы мүмкін. Бұл 2022 жылға дейінгі үлгідегі "мемлекеттік хатшы" қызметіне ұқсас модель”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, вице-президент толықтай президенттік билік тармағына жатады.

“Бұл өзгеріс билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселесіне айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені билік балансы дегеніміз президенттік, заң шығарушы және сот билігі арасындағы қатынас. Ал вице-президент толықтай президенттік билік тармағына жатады. Вице-президентті Парламент бекітеді. Бірақ оны кейін парламент біржақты қызметтен ала алмайды. Сондықтан ол бәрібір президенттің командасындағы тұлға болып қала береді”, – дейді саясаттанушы. 

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл қызметке нақты кім келетіні әзірге белгісіз. Бұл биліктегі топтардың ішінде саяси келіссөздер аясында шешілетін мәселе дейді саясаттанушы. 

“Келесі президенттік сайлауға тікелей қатысты”

Ал саясаттанушы Дос Көшімнің вице-президент кім болуы мүмкін екенін айтты.

“Ерлан Қарин болуы әбден мүмкін. Оның вице-президент қызметіне келу мүмкіндігі жоғары. Себебі, Қарин осы уақытқа дейін Сенат, Мәжіліске араласпады, депутат та болған жоқ. Ол әр уақытта президенттің жанында жүреді. Әуелі кеңесші қызметін атқарды, сосын көмекші болды. Енді вице-президент лауазымы қосылған кезде кеңесші, көмекші қызметі жойылды. Сондықтан Ерлан Қарин болуы әбден мүмкін”, – дейді Дос Көшім. 

Сондай-ақ саясаттанушы бірпалаталы парламентті басқаруға Мәулен Әшімбаевты лайық деп есептейтінін жеткізді. 

“Мәулен Әшімбаевтың тәжірибесі, жұмыс істеу стилі де жақсы. Оны басқаруға Ерлан Қошановтан гөрі Мәулен Әшімбаев анағұрлым лайық. Сондай-ақ Парламентті “Құрылтай” деп атауға қарсымын. Себебі, бұл қазақтың мәдени сөзі, ұғымы ретінде сәйкес келмейді. Құрылтай анда-санда, халықтың басына үлкен мәселе түскенде соны бірге шешу үшін шақырылады. Ол бірден шешім шығарады. Бұл халық жиналып жасайтын жиын. Ал парламентегілер күн сайын жұмысқа келіп, ай сайын жалақы алатындар. Оларды Құрылтайдың мүшесі деу ыңғайсыз естіледі. “Құрылтай” мүшесі болу үшін халық алдында беделі бар адам, би болуың керек. Оны халық сайлайды. Бұл қазіргі мәселеден мүлде басқа”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, болашақта вице-президент мемлекет басшысы секілді қызмет атқарады. 

“Вице-президент тағайындала ма, сайлана ма әзірге белгісіз. Көптеген елде вице-президент міндетті түрде сайланады. Себебі ол да президент сияқты қызмет атқарады. Егер президентке бір жағдай болса, вице-президент іске кіріседі. Менің көзқарасым бойынша, вице-президент кез келген елге артықшылық қылмайды. Себебі президенттің жанында соның бағытымен жұмыс істейтін адамның болғаны жөн. Форс-мажор жағдай кезінде президенттің саяси бағытын әрі қарай жалғастыра алатын адам керек. Оған ешкім қарсылық білдірмейді. Мәселен, біздің елде 1991-1996 жылдары Ерік Мағзұмов вице-президент қызметін атқарды”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше, вице-президент қызметін енгізу алда болатын президенттік сайлауға тікелей қатысты. 

“Меніңше, бұл 3-4 жылдан кейін болатын президенттік сайлауға қатысты. Тоқаев өз уәдесінде тұрып, президенттіктен кетсе, өзінің жолын жалғастыратын адамды тастап кетеді. Ол адам егер вице-президент қызметін атқарса, оның сайлаудан өту мүмкіндігі анағұрлым жоғары болады. Сондықтан вице-президент қызметіне келетін адамды болашақ президенттікке түсетін адам деп есептей беруге болады”, – дейді Дос Көшім. 

Дос Көшімнің айтуынша, лауазым өзгеруі биліктің ішкі өзгерісіне алып келмейді. 

“Жаңа лауазым орындарының ашылуы, жаңа адамның келуі әкімшілік-әміршілдік, авторитарлық жүйемізге ешқандай әсер етпейді. Себебі, билікті ұстап тұратын белгілі топ. Сол топ әлі күнге дейін келе жатыр. Кезінде коммунистік партия болды. Сосын ол Amanat деп аталды. Сол себепті, лауазым өзгеруі ешқандай биліктің ішкі өзгерісіне алып келмейді”, –дейді саясаттанушы. 

Сондай-ақ саясаттанушы құрылтайда айтылған “Халық кеңесі” тақырыбына ерекше тоқталып өтті. 

Құрылтайда президент “Халық кеңесі”  жаңа консультативтік орган болады деді. Кеңеске кіретін 48 адам этномәдени орталықтардан таңдалады деген кезде Ассамблея таратылуы мүмкін бе, деп ойладым. Әрине, біздің билікке ол керек. Ең қызығы, осының барлық мүшесін президент “өзі тағайындаймын” деді. Десе де мемлекет басшысының Халық кеңесі мүшесін тағайындауы шеңберге сыймайтын мәселе. Мұндай жағдай авторитарлық жүйеде ғана болатын нәрсе. Онда ол Халық кеңесі деп аталмауы керек. Себебі, Халық кеңесі мүшелерін міндетті түрде халық сайлайды”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы елге Қазақстан халық ассамблеясы міндетті түрде керек екені айтты. 

“Ассамблея елдің саяси ойын жүйесіне қажет болып отыр. Ешқандай реформасы жоқ мәселені президент алдын ала көтеріп, құрылтайда маңызды сөз айтамын деп құлағымызды елең еткізді. Конституциялық өзгеріс болады деді. Ешқандай түбегейлі реформа көріп отырған жоқпын”, – деді саясаттанушы.

“Бұл ең жоғарғы билік, сондықтан сақтық қажет”

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, қазір вице-президенттің атқаратын міндеті Конституцияда нақты бекітілген жоқ. 

“Негізі, Сенат төрағасының кейбір функцияларын қайта бөлу қажет еді. Өйткені Конституция бойынша Сенат төрағасы форс-мажор жағдайда президенттің міндетін уақытша атқаратын тұлға. Бұл мемлекет басшысы аяқ-асты қызметінен кеткен жағдайда Сенат спикері бірден ел басқарады деген сөз емес. Тек президент ауыр  жағдайға ұшыраса немесе төтенше жағдай туып, өз міндетін орындай алмаса Сенат төрағасы оның функцияларын уақытша атқара алады деген сөз”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, дәл қазір Сенат төрағасында бар міндеттер енді вице-президентке берілуі мүмкін. 

“Өйткені вице-президенттің өзі немен айналысатыны әзірге түсініксіз. Президент жоқ кезде оның міндетін атқарудан басқа қандай функциясы болатыны да белгісіз. Сондықтан қазір мемлекеттік кеңесші мен Сенат спикерінің өкілетін бір тұлғаға вице-президентке біріктіру жолы таңдалған сияқты”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше, президент өз міндетін орындай алмаған жағдайда, вице-президент оның орнына уақытша келеді. Бірақ бұл жерде нақты әрі қатаң шарттар болуы тиіс, дейді саясаттанушы. 

“Бұл үшін арнайы ұлттық немесе мемлекеттік комиссия құрылуы мүмкін. Олар осы өзгерістерді заңды түрде рәсімдеп, Конституцияға енгізу жөнінде ұсыныс әзірлейді. Сол кезде ғана вице-президенттің “Президент” міндетін нақты қандай жағдайда атқара алатыны көрсетіледі. Бұл шарттар өте қатаң болуы тиіс. Мұны жай ғана “орынбасар” қызметі деп қарастырмау керек. Бұл ең жоғарғы билік, сондықтан аса сақтық қажет”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы жаңа вице-президентке қандай функциялар жүктелетіні әзірге белгісіз екенін айтты. 

“Бұрын мемлекеттік кеңесші де формалды қызмет болды, сондықтан Ерлан Қарин нақты немен айналысатыны көпшілікке түсініксіз еді. Вице-президент те дәл сондай формалды, “қажет кезде ғана” іске қосылатын фигура болып қалуы мүмкін. Енді оның нақты өкілетін жаңа Конституциядан көреміз”, – дейді Толғанай Үмбетәлиева. 

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева вице-президент қызметін кім атқаруы мүмкін екенін айтты. 

“Меніңше, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Өйткені ол осы функцияларды бұған дейін де атқарып келді. Тоқаев бұрын бұл рөлді Әшімбаевқа сеніп тапсырды. Демек вице-президент Әшімбаев болуы әбден мүмкін. Екінші нұсқа Ерлан Қарин. Қазір мемлекеттік кеңесші қызметі қысқарып жатыр. Сондықтан бұл лауазым Қаринге берілуі мүмкін. Бірақ Қаринге Халық кеңесін басқару ұсынылуы да ықтимал. Өйткені ол бұрын Құрылтайды басқарған. Бұл жағдайда вице-президент Мәулен Әшімбаев, ал Халық кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин болуы да ықтимал”, – дейді саясаттанушы. 

Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, вице-президент болуға Ерлан Қарин лайық. 

“Президенттің үзеңгілесі, қиындықта да бірге болған азамат ол Ерлан Қарин”, – деп жауап берді Саиров. 

Ал депутаттар Мұрат Әбенов, Ермұрат Бәпи жауап беруден бас тартты. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 18:00