Вице-министр Шегай көпбалалы ата-анасы ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп өсіргенін айтты
Фото: t.me/ukimet_points
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай ата-анасы ешкімнен кем қылмай, алты баланы тәрбиелеп өсіргенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл отбасы қиын жағдайда да балаларын асырай алады деген сөз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министр көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары мен Батыс Қазақстан облысында ата-анасы жұмыс істеп жүргенде қаза тапқан бес баланың өліміне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ осы ұстанымын білдірді.
Қазақстанның әлеуметтік саясаты
Үкіметтегі брифингте журналист вице-министрден Қазақстандағы әлеуметтік саясатқа не жетіспейтінін сұрады. Сондай-ақ демографиялық саясатты ілгерілетіп отырған көпбалалы отбасыларды мемлекет неге толық қамтамасыз ете алмайтыны сұралды.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, қазір мемлекет өз мойнына алған барлық міндеттемені орындап жатыр.
"Бюджетте қаржы жетіспегендіктен жәрдемақы төлемдері тоқтатылды немесе төленбеді деген фактілер болған жоқ. Сонымен қатар жыл сайын бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қамтамасыз етуге 1,7 триллион теңге бөлінеді", – деді вице-министр.
Үкімет отырысында 500 мың теңгеге бес баланы асырап, өсіру мүмкін бе деген сұрақ қойылды. Жауап ретінде Шегай Батыс Қазақстан облысындағы қайғылы жағдай болған отбасыны мысал етті.
"Отағасы шамамен 190 мың теңге табыс тапқан. Әр отбасы мүшесіне шаққандағы орташа табыс шамамен 47 мың теңге. Отбасы қосымша көмек сұрамаған. Егер отбасы осы қаражатпен өмір сүріп келсе, демек, мүмкін болғаны ғой", – деді вице-министр.
Виктория Шегайдың жеке бас оқиғасы
Вице-министрге журналист: "Сіз өзіңіз бір адамға айына 47 мың теңге табыспен бала тәрбиелей алар ма едіңіз?" деген сұрақ қойылды. Сол сәтте Шегай өз отбасын мысалға келтірді.
Айтуынша, ол да көпбалалы отбасынан шыққан.
"Бұл жерде мәселе ата-аналардың шешім қабылдауына келіп тіреледі. Мен көпбалалы отбасында өстім. Анам алты баланы дүниеге әкелді. Ата-анам да барша халық сияқты толық жұмыс істеді. Құдайға шүкір, олар бізді білім, тамақ және басқа да қажеттілікпен қамтамасыз етуге тырысты. Өзім де үш баланың анасымын. Кез келген ата-ана бұл өмірге бала әкелген соң, оның болашағы үшін барынша жақсы жағдай жасауға тырысады. Сондықтан мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді ол.
Сондай-ақ журналист вице-министрден 2019 жылы Ситерде апалы-сіңлі көз жұмған қайғылы оқиғадан кейін Светлана Жақыпованың ата-аналардың түнде жұмыс істеуі олардың өз таңдауы деген мәлімдемесімен келісесіз бе деген сұрақ қойды. Бұл сауалға вице-министр жауап бермеді.
Айта кетейік, Жақыпова бұл брифингке қатыспаған. Ал Виктория Шегай вице-министр лауазымына небәрі бір күн бұрын ғана тағайындалған.
Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бір отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі бес бала көз жұмғанын жазған едік. Көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған.
Жымпиты ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ресми мәлімдеме жасады. Ол қаза тапқан балалардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін айтты.

Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
