Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вице-министр сессияға дайындықсыз келіп, Мәжіліс спикерінен сөз естіді (видео)

Фото: Видеодан скрин

Сауда және интеграция вице-министрі Мәжіліс сессиясына дайындықсыз келіп, депутаттардың сұрағына жауап бере алмады. Ол осы әрекеті үшін Мәжіліс спикерінен сөгіс алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы тауарлардың шығу тегін үйлестірілген жүйелеу туралы заң жобасын талқылау кезінде болды.

Талқылау барысында депутаттар вице-министрге сұрақ қойды. Алайда Сауда министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков бұл мәселелер оның құзыретіне кірмейтінін айтып, бірнеше рет жазбаша түрде жауап беруді ұсынды.

“Бұл сұраққа да мүмкін болса жазбаша түрде жауап берейік”, – деді ол. 

Бұл жауап Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа жақпаса керек. Ол вице-министрге келісім аясында сұрақтарға жауап беруге міндетті екенін айтты.

“Министр қазір шетелде іс-сапарда. Сіз министрдің міндетін атқарушы қызметіндесіз. Бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сұрақтары осы заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Құзыретіме кірмейді дейсіз. Бұл жерге келген министрдің өкілі барлық сұраққа дайын болуы қажет. Әйтпесе, келіп қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі қажет”, – деді Қошанов. 

Айта кетейік, бұған дейін Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Бақытжан Базарбек полиция қызметіне қатысты қатты сын айтқан еді. Сол сәтте оған Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ескерту жасаған. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 17:24