Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вьетнамда ең бай әйелдердің бірі алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілді

Вьетнамда елдегі ең бай әйелдердің бірі Чыонг Ми Лан алаяқтық жасағаны үшін сотталып, өлім жазасына кесілді. Ол алаяқтықпен алған соманың төрттен үш бөлігін, яғни 9 миллиард долларды өтесе, өлім жазасынан құтыла алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: AР

68 жастағы Чыонг Ми Лан сәуірде өлім жазасына кесілді.

Сот Чыонг Ми Лан 2011 және 2022 жылдар аралығында Сайгон коммерциялық банкінен 304 триллион донг (шамамен 12,5 миллиард АҚШ доллары) несие алғанын анықтады. Бұл –  Вьетнамның 2022 жылғы ЖІӨ-нің шамамен 3%-ыы. Оның әрекетінен келген жалпы шығын 27 миллиард долларға бағаланып отыр.

Вьетнам заңына сәйкес, экономикалық қылмысы үшін өлім жазасына кесілгендер ұрланған қаражаттың 75 %-ын қайтарса, тірі қалады.

Сондықтан Чыонг Ми Лан өлім жазасына кесілмеуі үшін шамамен 9 миллиард доллар төлеуі керек.

Апелляциялық шағымда кәсіпкер әйелдің қорғаушысы жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына өзгертуді сұрады. Адвокаттардың айтуынша, сотталған адамның үстінен өлім жазасы қаупі төнбесе, оған қажетті соманы өндіру әлдеқайда жеңіл болады.

9 миллиард доллардты табу үшін Чыонг Ми Лан Хошимин қаласындағы жылжымайтын мүлік, акциялар мен кәсіпорындардағы және құрылыс жобаларындағы үлестер сияқты активтерін сатуы керек.


Миллиардтаған пара алған: Қытайда ірі банктің бұрынғы басшысы өлім жазасына кесілді


"Оның активтерінің жалпы құны талап етілетін өтемақы сомасынан асып түседі. Алайда оларды сату көп уақытты қажет етеді, оның активтерінің көпшілігі – тез сатылмайтын жылжымайтын мүлік", – деді адвокаттарының бірі.

Қорғаушы тараптың дәлелдеріне қарамастан, сот Чыонг Ми Ланның үкімін өзгертпеді. 

Үкімнің нақты қашан орындалатыны белгісіз. Вьетнам өлім жазасын мемлекеттік құпия ретінде қарастырады және ол туралы мәліметтерді жарияламайды. Әдетте үкім шығару мен орындау арасында бірнеше жыл өтеді.

Чыонг Ми Лан ісі – Вьетнамдағы әйелдің экономикалық қылмыс үшін өлім жазасына кесілген сирек жағдай. Қылмыстық іске Чыонг Ми Лан басқа 85 адам қатысты, оның ішінде оның күйеуі мен жиені де бар. Олардың барлығы кінәлі деп танылып, үш жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Қазанда Чыонг Ми Лан ақшаны жылыстату бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Талқылау