Вьетнам мен Таиландқа демалуға барған үш қостанайлыққа маймылдар шабуыл жасады
Вьетнам мен Таиландқа барған қостанайлық үш тұрғын демалып жүргенде оларға маймылдар шабуыл жасаған. Жарақат алған жолаушылар елге оралғаннан кейін құтырмаға қарсы вакцина алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мәліметтерге сенсек, Қостанай облысының тұрғындарына маймылдар Вьетнам мен Таиландтағы саяхатында тиіскен. Демалыстан оралғандар Рудный ауруханасының жарақат бөлімінде арнайы вакцинаның курсын алып жатыр.
Толық курс бес екпеден тұрады және оны тістегеннен кейін 28 күнде аяқтау қажет. Көбіне туристер маймылдармен суретке түсуге тырысқан кезде шабуылға ұшырайды. Сондықтан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде туристерге жарқыраған бұйымдарды алып тастауды, телефондар мен фотоаппараттарды алысқа қоюды ескертіп отырады. Өйткені олар маймылдардың назарын аударады.
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар мен туберкулез бойынша эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әсел Баймұхамбетова қалай сақтану керек екенін айтты.
"Маймылдар шабуыл жасаған жағдайда, тырналған немесе сілекей тиген жараны жедел түрде сумен және сабынмен кемінде 15 минут бойы жуу қажет. Кейін алғашқы медициналық көмек пен вакцинация курсын алу үшін травматология пунктіне жүгіну керек. Бізге тәулік бойы, кез келген уақытта хабарласуға болады, вакцинация тегін", – деді бөлім басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда 5 жасар қызды иті қауып алғаны үшін иесі айыппұл төлейтінін жазған едік. Иесі итті ағашқа байлап қойған екен, сол кезде қыз жануарды сипау үшін жанына барған. Ит балаға тап беріп, бетін тістеп алған. Иесі қызды ауруханаға өзі апарған екен, ал жанында баланың анасы болған. Әйелдің сөзінше, ойын алаңында баланың жанында үлкен адамның жүруі міндетті емес. Оның үстіне иттің тұмылдырығы болмаған. Осы үшін иттің иесіне айыппұл салыныпты.