Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вьетнам Ak Bulak Village туристік кешенін қалпына келтіру үшін ондаған миллион доллар бөледі

Фото: wikicity.kz

Вьетнамдық кәсіпкерлер Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешенінің құрылысына инвестиция салмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған ұсыныс ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Нгуен Хоа Бинмен кездесу кезінде айтылды. 

“Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық қарқын алып келеді. Қазақстанда вьетнамдық капиталдың қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешенінің және Қонаевтағы “Арна” индустриалды аймағында 90 миллион доллар (45 275 400 000 теңге) инвестиция көлемімен азық-түлік өңдеу зауытының құрылысын ерекше атап өтуге болады”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ келіссөз барысында 30 жылдан аса уақыт ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасында саяси диалог дамып, үкіметаралық және парламентаралық өзара іс-қимыл нығайып келе жатқаны айтылды. 

Серік Жұманғариннің сөзінше, екі ел көшбасшылары ең алдымен сауда, инвестиция, көлік және логистика, Агро өнеркәсіптік кешен және ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытын белгіледі.

“Қазақстан 2026 жылға қарай өзара тауар айналымын екі есе арттыруға ниетті. Еліміз осы жылдың ортасында Вьетнамға сауда-экономикалық миссия жіберуге дайын”, – деді Жұманғарин. 

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан сегіз жылда алғаш рет Вьетнамға 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны айтылды. 2025 жылы контейнерлерді шамадан тыс жүктемей, мультимодальды логистиканы пайдаланып, қазақстандық астықтың алғашқы тікелей аралас жеткізілімі іске асырылды. Бұл жеткізу мерзімі мен шығынды азайтты. 

Экспорттық әлеуетті ұн, ет, сүт өнімі, майлы дақыл есебінен арттыруға болады. Осыған байланысты қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жандандырды. Ал оған ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысы кезінде қол қою ұсынылды.

Көлік-логистика саласында вьетнамдық әріптестерге Оңтүстік теңіз бағытымен салыстырғанда жүк жеткізу мерзімін 3-4 есе қысқартуға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) инфрақұрылымын кеңінен пайдалану туралы айтылды. Қазақстан оңтайлы логистикалық жағдай жасауға, бірлескен жобаларды, жеңіл өнеркәсіп пен автомобиль жасауды дамытуға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ 2026 жылы Ханой-Алматы-Прага бағыты бойынша VietJet Air тұрақты рейсін іске қосу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Астана мен Ханой арасында тікелей әуе қатынасын ашу, Алматы-Хошимин рейсін қалпына келтіруді қарастыру ұсынылды.

Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнінде кезекті отырыс өткізбек. Оны биыл маусым-шілде айларында өткізу ұсынылды. Сондай-ақ биыл Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылмақ. 

Нгуен Хоа Бинь Қазақстан мен Вьетнам арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол “Орта дәлізді” дамыту жөніндегі бастамаларды қолдап, “Астана” халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі қазақстандық тәжірибені тексеруге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысында шетелдік тарап Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесінің құрылуын қолдады. Бұл үшін өзара сауда көлемін одан әрі арттыру керегін жеткізді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 15:25