Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Велосипедтен жүгімен бірге құлады": Қазақстандық ақша үнемдеу үшін жаяу курьерді таңдайтындарды сынға алды

Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық жеткізу қызметіне тапсырыс бергенде, жаяу жүретін курьерді таңдайтын адамдарды сынға алды. Ол біреуге ауыртпалық түсіріп, ақша үнемдеу дұрыс емес екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушысы көшеде жасөспірімнің ауыр жүкті көтере алмай, велосипедтен заттарымен бірге құлағанын айтты. Қазақстандық бар жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады. 

“Түсінбейтінім, курьерге тапсырыс бергенде неге "көлікпен жеткізу" түрін таңдамайсыздар? Неге "жаяу жүретін курьерді" таңдап, ақша үнемдеуге тырысасыздар? Жеткізу керек заттың қандай көлемде екенін жақсы білесіздер. Видеодағы жасөспірім ауыр сөмкесімен бірге велосипедтен құлап қалды. Еңбекке құрметпен қарау керек. Кейін тауар бүлінсе, курьердің рейтингісін түсіріп тастайды. Жасөспірім екен, қолдау білдірейік”, – деп жазды қазақстандық. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Yandex компаниясынан мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, курьерді таңдау жүйесі автоматты түрде жүзеге асады, яғни тапсырыс беруші жеткізушінің кім екенін нақты біле алмайды. 

“Курьер тағайындау жүйесі автоматты түрде жүзеге асады. Егер курьерге көлемді тапсырыспен жұмыс істеу қиындық тудырса, ол қолдау қызметіне жүгініп, мәселені шешуге көмек сұрай алады”, – делінген хабарламада. 

Курьер өзі бас тартса, рейтингі төмендемейді

Жағдайға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Бірі, курьер болып жұмыс істегенде басынан өткізген оқиғаларын айтса, енді бірі жеткізушінің өзі тапсырыстан бас тарта алатынын айтты. 

"Інім 2020 жылы курьер болып жұмыс істеді. +40° ыстықта да, – 20° суықта да велосипедпен жүрді. Оны көріп қатты аяйтынмын, тіпті жылап қалатынмын. Ол "мен жігітпін, бұл уақытша" деп өзін жұбататын. Бір жылдан кейін ол ірі компанияда ең үздік аудармашы мен менеджерге айналды. Қазір табысы жоғары".

"Курьерлерге құрметпен қарау керек. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Олар барын салып еңбек етеді. Осындай жастарды қолдау қажет. Олар үлкен жүкпен жүр. Қысы-жазы олай жүруіне себеп те бар. Бұл заңды еңбек, ешқандай қылмыс емес".

“Курьер жүк ауыр болса, жеткізе алмаса, оның тарифіне сәйкес келмесе бас тарта алады. Бұл оның рейтингіне әсер етпейді. Оның үстіне клиент курьерді өзі таңдай алмайды. Қызмет автоматты түрде, машина, велосипед, мопед немесе жаяу адам болсын, өзі таңдайды. Сондықтан мұндай мәселелер сервиске қатысты. Мәселен, мен бір жолы торт жеткізу үшін автомобиль керек деп, тапсырыс бердім. Алайда олар мопед жіберді. Бас тарту мүмкіндігі жоқ. Бірақ қолдау қызметіне хабарласқаннан кейін курьер өзі бас тартты”. 

“Жұмысыма қатысты бірнеше мекенжайға 7–8 пакет тапсырыс береміз. Мен тапсырысқа бірнеше сөмке зат бар екенін көрсетемін. Сосын "жаяу немесе мопед жібермесеңіздер" деп жазамын. Бірақ Яндекс мопед немесе жаяу курьер жіберіп жатады. Олар бас тартсам рейтинг төмендеп, жұмысымды жоғалтамын деп ойлайды. Бұл әділетсіз”. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 20 Маусым, 2025 20:01
Талқылау