Валюта айырбастау орындарында сату мен сатып алу арасындағы бағаға шектеу енгізілмек
Ұлттық банк валюта айырбастау ережелеріне өзгерту енгізбек. Яғни сатып алу және сату бағамдарының арасындағы айырмашылықты реттеу үшін қайтадан шектеу белгілеуді көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Валюта айырбастау орындарында енді сату мен сатып алу арасындағы бағаға шектеу енгізілмек.
“Бұл жобаға сәйкес, сатып алу мен сату бағамдарының айырмашылығына мынадай шек қою белгіленіп отыр: АҚШ долларына белгіленген баға 7 теңгеден, ал еуро 10 теңгеден аспауы керек”, – деді ҚҰБ басқармасының бас маманы Данира Күмісбай.
Бұл өзгеріс валюта нарығында алыпсатарлықты шектеуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелін азайтуға бағытталған. Шектеу теңгенің нарықта тұрақтануына да әсер етеді деп үміттенеді мамандар. Банк тарапынан айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша дәл осындай шектеу шарасы бұған дейін де болған.
2020 жылы ол доллар айырбасы үшін 15, евроға 20 теңге деп белгіленген. Кейін үш жылдан соң күшін жойды. Қазір айырбас нүктелеріндегі сауда-саттықта ешқандай шектеу жоқ.