"Мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің": Астанада көз жұмған фельдшердің күйеуі жантебірентерлік жазба жариялады

Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде өзгелерге көмектесемін деп жүріп алған ауыр жарақатынан көз жұмған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі әлеуметтік желідегі парақшасында жантебірентерлік жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зейнет Әділет жазбасында ешқандай медаль оның жарын өмірге қайтармайтынын айтып, енді соттың әділ өтуін талап еткен.
“Ешқандай медаль, ешқандай сөздер менін жүрегімнің иесін маған қайтарып бере алмайды. Үйіме нұр, құт-береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген барша Қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын тілеп, қасында барынша көп болып дұға еттім, сабыр қылып бәрін сабырға салдым. Енді мен соттың әділ өтуін талап етемін, тергеудің адал қаралуы, Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін осыны аяғына дейін алып бару керек. Жауаптылар жазасын алуы керек!” – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол марқұм жарына жүректен шыққан өлең жолдарын арнаған:
“Жарқ етіп үйіме күн болып кірдің,
Өміріме мағына, жүрегіме нұр бердің.
Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың,
Мамаға келін емес, қызындай болдың.
Жан-жарым тағдыр маған сені сыйлады,
Маңдайыма сыймадың ба, періштем менің, аяладым, аялаймын…
Жүрегім...Сағыныштан сыздайды көңіл, үнсіз түндер менімен бірге жылайды.
Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің”, – деп жазған ол.

Еске салайық, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.