Ұзынағаштағы қанды қырғын: қаза тапқандардың туыстары мүшкіл тұрмыстары туралы айтып берді
Үш ай бұрын Ұзынағашта мал сатуға шыққан үш ағайындыны жауыздықпен өлтіріп кеткен кезде, үкімет басшысының өзі істің әділ шешілуін қатаң тапсырған еді. Күдіктілер табылып, оларға жаза кесіліп те үлгерді.
Бұл туралы “Евразия” арнасы хабарлайды.
Күдікті Талғат Сүлейменовты сот өмір бойына бас бостандығынан айырды, ал оның сыбайласы Мұрат Оңалбаев 25 жылын темір тордың ар жағында өтейтін болған. Ал ағайынды үш азаматтың артында тіректерінен айырылып ата-ана, бала-шаға, жұбайлары қалды.
Мұқият Зарылханның анасы Бәте Қажықызы ұлының қазасынан кейін ақыры денсаулығы дұрысталмай, сал болып қалған.
“Міне осылай жатамын. Адам көмектеспесе өз бетімше тұра да алмаймын. Ұлым енді жоқ. Балалары үшін обал”, – дейді ол.
“Мұқияттың үш баласы мен әйелі үйде жалғыз қалуға қорқады. Біз оларға кезек-кезек барып тұрамыз. Олар бізге келеді. Олар үшін өте қиын жағдай. Анасы да оңала алмай, уақытын тек жылаумен өткізіп жатыр. Материалдық жағдайлары да тым төмен”, – дейді Мұқияттың ағасы Адал.
Жарқынбек Долданның шаңырағы да осындай қиын жағдайды бастан кешіруде. Алты бірдей адам бір зейнетақыға қарап отыр. Бұл тек азық-түлікке әрең жетеді.
“Әйелі Бәтен апа сияқты сал болып қала ма деп қорқамын”, – дейді Жарқынбектің әкесі Әмірбай Долдан.
Ал Жарқынбектің ұлы Жарқын, әзірге қолымнан келетіні тек сабақты 5-ке оқу дейді. Ол болашақта журналист болғысы келеді екен.
Бұған дейін қаза тапқан ағайындылардың туыстары өлім жазасын талап еткендері туралы жазған едік.
Еске сала кетейік, өткен жексенбіде БАҚ-та Алматы облысы Жамбыл ауданында мал саудасымен айналысып жүрген үш жігіттің жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын.
Марқұмдардың туысқандарының айтуынша, Долданұлы Жарқынбек (1979 жылы туған), Зарлыханұлы Мұқият (1973 жылы туған), Әлімхан Қадылбек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алған 40 бас малды екі жүк көлігімен 17 қыркүйек күні Ұзынағаш базарына шығарған. 19 қыркүйекте соңғы рет байланысқа шыққан. Бірнеше күннен кейін олардың денесі табылды.
Оқи отырыңыз:
Қазақстанда өзін әріптесі зорлады деп шағымданған әйелге қатысты тағы бір шу шықты
Астаналықтар тротуарға жүрек бейнесін салған адамды тапты
Шымкентте 76 жастағы қария күннің суығына қарамай өзенге шомылып жүр