Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үймен қоса сиыр, 10 бас қой беремін": Ақтөбе облысының тұрғыны жұртшылықты ауылына көшіп келуге шақырды

Ақтөбе облысының тұрғыны кәсіпкер Жұмабай Бекмағамбетов қазақстандықтарды туған ауылынан көшпей, елді мекендердің жойылып кетуінен сақтануға шақырады. Ол тіпті ауылдастарына баспана мен мал, жұмыс орындарын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

Хромтау ауданындағы Қарлау ауылының бүгінде 150 тұрғыны бар. Бұл Жұмабай Бекмағамбетовтың туып-өскен жері. Ол осында отбасын құрып, сүйікті ісін дамытқан. Өткен жылы ол өз қаражатына бастауыш мектеп салып, жеткілікті түрде мұғалімдерді жұмысқа алған. Дегенмен, 40 орынға есептелген білім ошағында 13 бала ғана білім алып жатыр екен. 

Мектеп директоры Алмагүл Бекмағамбетованың айтуынша оқимын деушілерді мектеп қабылдауға дайын екен. Директор бала саны көп болса, білім бәйгесінде бәсекелестіктің де күшейе түсетінін алға тартады.

"Оқимын деушілерге орын жеткілікті. Балалар саны көп болса, салауатты бәсекелестік жағдайында таласа оқып, араласатын еді. Бізде барлық жағдай жасалған", –  деді директор. 



Бұл ретте шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Бекмағамбетовтың өзі еңбекке жарамды ерлерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, тұрақты табыспен қамтамасыз етуге дайын екенін айтады. 

“Басты мақсатым – осы ауылым Қарлауды жойылып кетуден сақтау. Өйткені болашағы бар мекен. Қалада пәтерден пәтерге көшіп, қиналғанша бізге келуге шақырамын. Алғаш тілек білдіріп, келгендерге бос үй алып беруге дайынмын. Өз атымнан сиыр мен 10 бас қой беремін. Ал келесі жылы үй салуды қолға алмақпын", –  деді Жұмабай Бекмағамбетов.

Талқылау