Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйінде құлдықта ұстады": Семей тұрғыны қоғам белсендесінен ауыр жарақат алғанын айтып, жанайқайын жеткізді

Фото: Видеодан скрин

Семейде қоғам белсендісіне қатысты ауыр айып тағылды. 35 жастағы азамат өзін күштеп ұстап, соққыға жықты әрі табысын тартып алды деп мәлімдеді. Қабырғасы сынып, басы жарылған жәбірленуші қазір ауруханада жатыр. Ол бұл жағдайдан әрең қашып құтылғанын айтып, құқық қорғау органдарынан көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Семейде қоғам белсендісі соққыға жығып, үйінде күшпен ұстады деген азамат құзырлы органдардан көмек сұрайды. 34 жастағы Олжас Сапарғалиев қалада есімі танымал тұлға күш көрсетіп, тапқан табысымды алып отырды деп ашынады. Қабырғасы сынып, басы жарылған жәбірленуші ауыр халде емдеу мекемесіне жеткізілген екен. 

Денесі көк ала қойдай болған Олжас Сапарғалиев жансақтау бөлімінде жатыр. 35 жастағы азаматтың қабырғасы сынған. Өкпесі зақымданып, басы жарылған. Ол қаладағы танымал қоғам белсендісі тепкінің астына алып, мәжбүрлеп жұмыс істетті дейді.

"Мені өз үйінде және жұмыс орнында қатты соққыға жықты. Басымнан аяғыма дейін жарақат алдым. Қорыққандықтан қашып кеттім. Менің табысымды алып отырды. Қоқан-лоқы көрсетті. Әлі оңалған жоқпын. Полициядан көмек сұраймын. Әке-шешем жоқ. Жетіммін. Көмектесемін деп қорқытып ұстады", – деді Олжас Сапарғалиев.

35 жастағы ер адамның айтуынша, ол белсендінің үйінде тұрған. Мамандығы кинезиотерапевт. Яғни отадан кейінгі науқастың жаттығулар арқылы қимыл-қозғалыс жүйесін қалпына келтіреді екен. Бірақ баспанасын ұсынған адам ақшамды алып отырды дейді ер адам. Полиция бұл жайт бойынша тергеуді бастады.

"35 жастағы тұрғын денсаулығының нашарлауына байланысты медициналық мекемеге жүгінді. Тексеру қорытындысы бойынша оған орташа ауырлықтағы дене жарақаты диагнозы қойылды. Анықталған дерекке сәйкес, денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді Абай облысы полиция департаменті.

Қоғам белсендісі сұхбат беруден бас тартқан. Оның айтуынша, жәбірленушіге ешқандай күш қолданылмаған. Керісінше, үйсіз жүрген 35 жастағы азаматқа көмек көрсетіліп, жалақы төленіп отырғанын алға тартқан. Сондай-ақ оның өмірге бейімделуіне қолдау білдіргенін мәлімдеген. Оқиғаның нақты мән-жайын құзырлы органдар анықтайтын болады.


 


Еске салайық, бұған дейін 17 жыл құлдықта ұстаған Назгүл мен Құндыз қамқоршысының үйінен арнаулы орталыққа көшірілгенін жазған едік. Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Онда ол Назгүл мен Құндыздың жаңа баспанасын көрсетті. Журналистің сөзінше, олар Жамбыл облысына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында уақытша ғана тұрады, кейін қыздардың жағдайына сай тұрақты баспана қарастырылады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 10:59