Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйдің астынан су шығып жатыр": Астанада жүздеген тұрғыны бар көп қабатты үй апатты жағдайда тұр

үй суға кетті

Видеодан скриншот

Астанада жүздеген тұрғыны бар көп қабатты үй апатты жағдайда. Тұрғындар судың астында қаламыз ба деп қорқады. Айтуларынша, апатқа құрылыс кезіндегі кемшіліктер себеп болуы мүмкін. Жаңадан салынып жатқан нысандар да жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген. Өйткені табиғи көлді көміп, орнына құрылыс жүргізілгелі бері үйлерінің астынан су шығып, қабырғалары жарылған. Сондықтан олар құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Астанада үйдің маңы қоқыс алаңына айналған. Кәріз суы датөгіледі. Салдарынан жағымсыз иіс қатты шығады. Айтуларынша, қазір көп қабатты тұрғын жайдың тұрағы мен жеделсаты шахталары, техникалық бөлмелер суға толған. Екі күннің бірінде тоқтары істен шығады.

“Мына жан-жақтан қоқысты әкеліп төгуді қою керек. Ассенизатор туралы айтпай-ақ қояйын. Тұрғындарға қаншалықты қауіп төніп тұр. Лифт жақ суға батып жатыр. Маңайды су алып кетті”, – деді Астана тұрғыны Гүлзат Қапбасова.

“Су қайда кететінін білмейді. Біздің астымызға келіп жатыр. Ол су ығысып, біз жаққа келіп жатыр”, – деді астаналық Сейітбек Ұлан.

үй суға кетті

Видеодан скриншот

Ал әкімдік өкілдері алаңдауға негіз жоқ дейді. Айтуларынша, бәрі бақылауда. Өйткені қазаншұңқырды толтыру жұмыстары уақытша тоқтатылған. Әрі жерасты суларын сорылып, деңгейі 70 сантиметрге төмендетіліпті. 

“Жұмыс басталған кезде жерасты сулары көтеріліп, Сарытау 16 үйінің лифт шахталарын су басқан. Бұл жағдай туралы әкімдікке дереу хабар берілді, олар бірден оқиға орнына келіп, мотопомпаларды қойып, суды шығарды. Алайда дренажды сорғыш істемей қалғаны анықталды. Біз пәтер иелері бірлестігі төрағасына жаңа су сорғыш сатып алып, орнатуды ұсындық”, – деді Алматы ауданының бас инспекторы Қонақбай Еспаев.

Инспектор үйдің жеделсаты шахталары мен автотұрағы үнемі тексеріліп тұратынын айтты. Сондықтан тұрғын жайға төнген қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Ал қазаншұңқырды топырақпен толтыру балалардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған екен.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 11:03
Талқылау
`