"Команда маңызды сабақ алды": "Үй сияқты пісіріңіз" деген қате жарнамамен басы дауға қалған компания кешірім сұрады
Алматы тұрғындары Airba Fresh азық-түлік жеткізу қызметінің баннерлеріндегі орысшадан қазақ тіліне дұрыс аударылмаған мәтіндерге шағымданды. Жарнамада орысшадан "Печем, как дома" тіркесі "Үй сияқты пісіріңіз" деп қате аударылған. Stan.kz тілшісі компания әкімшілігіне хабарласып, мән-жайды сұрап білді.
Фото: @GalacticPresid6 желідегі парақшасынан
12 қарашада @GalacticPresid6 есімді X әлеуметтік желісінің қолданушысы Алматыдағы Наурызбай батыр көшесі, 69 мекенжайындағы Airba Fresh жарнамалық баннерлерінің суреттерін жариялады. Жарнамада орыс тіліндегі фразалар қазақшаға сөзбе-сөз, бірақ мағынасы қате аударылған.
Мекеме "Печем, как дома" деген тіркесті "Үй сияқты пісіріңіз" деп аударған. Алайда бұл тіркестің қазақ тілінде мүлдем мағынасы керағар. Себебі қазақшаға "Үйдегідей пісіреміз" деп аударған дұрысырақ. Орысшадағы "Готовим еду дома" деген сөз қазақ тілінде "Үйдегідей әзірлейміз" деген мағына береді. Ал баннерде"Үйде тамақ дайындау" деп жазылған.
Бұдан бөлек желі қолданушысы сөздердің Google-дан тікелей аударылғанын көрсетеді.
Фото: @GalacticPresid6 желідегі парақшасынан скринделген
Өкінішке қарай, дүкеннің тағы бір жарнамасында "фермерские продукты" сөзін "ауыл шаруашылығы онімдері" деп жазған. Мұнда мағыналық және әріптік қате кеткен. "Онімдер" сөзіндегі "ө" әрпінің орнына "о" жазылған. Қазақ тілінің заңдылығына сай, “өнімдер” сөзінде “ө” әріпі жазылады. Ал "ауыл шаруашылығы" деудің орнына "шаруа өнімдері" деп жазған дұрыс.
Фото: @GalacticPresid6 желідегі парақшасынан
Кейбір оқырмандар миллиардтаған теңге инвестиция салынған компанияның аудармашы жалдауға мүмкіндігі жоқ екеніне наразылық білдірді.
Редакция компанияның маркетинг бөлімінің басшысы Артемий Овчаренкодан қазақ тіліндегі мәтіндерді қандай мамандар қарайтынын және жарияланбас бұрын тексеру мен түзету жүргізілетін-жүргізілмейтінін сұрады.
"Баспаға түзетілмеген, жобаланған жұмыс жіберілген. Сол себепті жарнама қате болды. Штатымызда барлық қазақша материалдарды үнемі аударып, келісіп отыратын кәсіби аудармашы жұмыс істейді. Көрнекі материалдарға арналған аударманы да біздің маманымыз әзірлеп, дұрыстап дайындады. Өкінішке қарай, материалдарды баспаға жіберу кезінде олқылық болды. Біз қатемізді мойындаймыз және оның маңызын түсінеміз. Мұндай қателерге жол берілмеуге тиіс және осы процестің әр кезеңін бақылауды күшейтуге ниеттіміз", – деді компанияның маркетинг бөлімінің басшысы Артемий Овчаренко.
Ол осы мәтіндерді аудару кезінде Google Translate автоматты аударма қолданылмағанын айтты. Оның айтуынша, өзі аударма сапасының маңызын түсініп, байланыс барысында автоматты аударма құралдарын пайдалануға қарсылық танытады.
Артемий Овчаренко бұған ұқсас қателерді болдырмау үшін алдағы уақытта аудармалардың сапасын бақылау және бекіту бойынша қандай шаралар қабылданатынын атап өтті. Олар:
- Қазақша концепциялар жасау: "Дала Дәмі" жобасының үлгісімен қазақша контент жасап, кейін оны басқа тілдерге аудару тәжірибесін дамытуға тырысамыз.
- Әр кезеңді бақылау: Кәсіби аудармашымен жұмыс істеуді қатаң сақтап, автоматты аударма құралдарын пайдалануға тыйым салып және барлық кезеңді аудиттен өткіземіз.
- Тіл аудиті және контентті жақсарту: Қолданыстағы материалдарға аудит жүргізіп және қазақша контент бағдарламасын іске қосамыз.
- Инициативті топты құру: Қазақ тілін меңгерген қызметкерлерден консультация алып және тіл дағдыларын арттыру үшін топ құрамыз.
- Тіл оқыту мектептерімен серіктестік: Қызметкерлер үшін қазақ тілін үйрету бағдарламасын тіл оқыту мектептерімен бірлесу арқылы іске асыруды қарастырып жатырмыз.
Сонымен қатар ол қатені жедел түзету және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін не істелетінін айтты.
- Қате жазылған жарнамаларды алып тастадық.
- Әлеуметтік желілерде клиенттерден ресми түрде кешірім сұрап, барлық сұраққа жауап бердік.
- Жағдайды талдап, ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін жоспар әзірледік.
- Біздің аудармашымыз дайындаған дұрыс жарнамаларды қайта жасай бастадық.
- Қазақша контентті нығайту және тіл дағдыларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді бағдарлама әзірледік.
Маркетинг бөлімінің басшысы сайт пен мобильді қолданба қазақ және орыс тілінде қолжетімді екенін алға тартты.
"Біз қазақша контентті көбейтіп, ауқымын кеңейтуге тырысамыз. Оның ішінде түпнұсқа материалдар жасау ісі де бар. Жақын арада қазақ тілінде контент жасайтын блогерлермен бірге видеоконтент шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазақ тілі – біздің басым бағытымыз және қоғаммен байланыста болу үшін оның қолданысын арттыруға ұмтылып жатырмыз. Осы жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрауға мүмкіндік бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қоғамның реакциясын ескерсек, бұл жағдай барлық команда үшін маңызды сабақ болды. Осы оқиға бізді қазақша сапалы контентті дамытуға және процестерді жақсартуға күш салуға итермеледі. Біз қателерден сабақ алып, жақсара түсуге бел буып отырмыз", – деп жауап берді компанияның маркетинг бөлімінің басшысы Артемий Овчаренко.
Айта кетейік, Airba Fresh 2021 жылы Қазақстанда ресми тіркелген. Компания құрылтайшысы Эдуард Ким – Қазақстандағы табысты кәсіпкерлердің бірі. Сервис 2022 жылы Алматыда белсенді түрде қызмет ете бастады және бұл жобаға 4 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған.
Ол "Technodom Operator" компаниясын Қазақстан мен Қырғызстанда басқарады. Сонымен бірге "Технодом Сервис", "Технофитнес" және "Фаэтон" компанияларында үлесі бар. 2024 жылы Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің ішінде 43-орынға ие болды.