Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үтір қай кезде қойылады?

Үтірді қай кезде қойылады? Бүгінгі мақаламызда үтірді қай жерге қою керек, қай жерге қоймау керек деген тақырыпта әңгіме қозғаймыз. Академик ғалым Р.Сыздықтың еңбегі бойынша үтір қойылатын жерлерді ұсынып отырмыз.

1. Үтірмен сөйлемдегі қаратпа сөздер, қаратпа сөз тізбектері бөлінеді. Нақтылы біреуге арналмаған, жалпылық-белгісіздік мағынасы бар сөздер мен сөз тізбектері де үтірмен бөлінеді.

2. Сөйлемдегі қыстырма сөздер, сөз тізбектері және сөйлемдер үтірмен бөлінеді.

3. Үтірмен сөйлемдегі одағайлар бөлінеді.

4. Бәсе, жә, қош, құп, жарайды, мақұл, дұрыс сияқты сөздер үтірмен бөлінеді.

5. Сөйлемдегі иә, жоқ, мә, мәңіз деген сөздер үтірмен бөлінеді.

6. Үтір сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасына қойылады.

7. Сөйлемдегі оңашаланған айқындауыш мүшелер үтірмен бөлінеді.

8. Сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен келген және -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары қосылған тізбектер де үтірге алынады.

9. Қарамастан, қоспағанда, есептегенде деген сөздерге аяқталатын сөз тізбектері үтірмен ажыратылады.

10. Үтір құрмаласқа енген жай сөйлемдердің арасына қойылады.

11. Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі хабарлы сөйлем немесе сөйлемнің бір бөлігі болса, одан кейін үтір (және сызықша) қойылады. Екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі өз алдына сөйлем болмай, оған үтір қойылған болса, екінші бөлігінің алдынан да үтір қойылады.

12. Бірнеше сөзден құралған күрделі қос сөздердің арасына үтір қойылады.

13. Бірдей немесе әркелкі тұлғада қайталап келетін жеке сөздер мен тіркестердің араларына үтір қойылады.

14. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болсын деген тіркестер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді.

Осы емле ережелерін оқып алып, жазуда қате жібермейік.

Талқылау