Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Утильдік алым мөлшері өзгерсе, көлік арзандай ма: Сарапшылар жауап берді

Елімізде автокөлік саудасы тоқтап тұр. Көлік сатып алмақ болғандар да, сатуға ниет еткендер де утилизациялық алым көлемінің нақтыланғанын күтуде. Бірі Еуропа мемлекеттеріндегі алымды негізге алып, 100 мың теңгеден асырмайды десе, екіншілері нақты бағасын айтуға "әзір ерте" деген ұстанымда. Дегенмен барлығы алдағы күндері көлік құнының арзандайтынына сенімді. Сарапшылар бұл мәселеге қатысты болжам жасап, өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қазір көлік жүргізушісінен бастап, тізгінге отырып көрмеген адамға дейін утильдік алымға қатысты мәселені айналып өтпейді. Ақша жинауды жеке меншіктен мемлекет меншігіне алғанымен, Үкімет алым мөлшерін ақпан айында жариялайтынын мәлімдеген. Дегенмен утильдік алымының құны бұрынғыдай болмасы анық. Сарапшылардың кейбірі Еуропа елдеріндегі деңгейде болады деп болжайды. Егер бұл болжам рас болса, алым мөлшері 100 мың теңгеден аспайды.

"Алым құны азаяды. Бұрын тек жекеменшік компания ғана бақылауға құқылы болса, қазір мемлекеттің қадағалуына көшті. Енді еуропалық стандарттар бойынша жүретін болса жақсы болар еді. Соған үміт артып отырмыз", - дейді Семей әуесқой автомобильшілер бірлестігінің төрағасы Болат Жүнісбеков.

Сарапшылар алымды неліктен 100 мыңнан асырмай есептеп отырғанын жіліктеп айтып береді. Ал бұған дейін утилизациялық алым құнынын соншама қымбаттатып, қайдан алғанын түсінбей дал. 

"Бір автокөлікті құрастыруға орташа есеппен 500-700 келі металл кетеді. Қазіргі нарықтағы бағамен есептсек, оны 50-60 мың теңгеге тапсыруға болады. Одан бөлек, өзге құралдарын өткізе алады. Жүрмейтін көліктің өзінен 100-150 мың теңге ақша шығады. Утилизациялық алымға осы құнды белгілесе болғаны. Одан асыруға болмайды", - деді "ОСА" қоғамдық бірлестігінің өкілі Василий Климаков.

Қазір Қазақстан жолдарында ескі көліктер өте көп. Сарапшылар алты жыл бұрын осы утилизациялық алым пайда болғалы жаңа көлік алуға жұрттың қалтасы көтермей қалғанын айтады. Салықтың құны көліктің бағасына теңескен. Ақыры көрші елден, оның ішінде Ресейден әкелуге мәжбүр. Онда да елде мемлекеттік тіркеуге өткізбей, шетелдік нөмірмен жүреді.  

"Қазір біздегі жағдай қандай? Ескі-құсқыны жинап жолды көлік қоқысына айналдырдық. Көбісі 15-20 жыл бұрын шыққан көлік мініп жүр. Бұл масқара! Көлік құнының тең жартысы утилизациялық алымды құрайды. Оның бағасы бір жарым миллионнан төрт миллион теңгеге дейін жетеді", - деп мәлімдеді экономист Айдан Әлібаев.

Ресеймен іргелес Ақтөбе облысында әр екінші көлік Ресейдің мемлекеттік нөмірімен жүр. Сол елден арзанға жеткізілгенімен, ол да ескі. Көлік жұргізушілерінің сөзінше, утильдік алым құны арзандаса, жаңа көлік таңдауға да мүмкіндік туып, елдегі тіркеусіз көліктер азаяды.

"Менің өзімде Ресейде есепте тұрған көлік. Бірақ қамсыздандыру полисімен жүрмін. Қазір көбісі дайын ақшасын төлеп рәсімдейді. Бірақ ең басты мәселе, сол қолжетімді рәсімдеуге ақша төленетін болса, онда бәрі тіркей бастайды", - деп қосты кәсіпкер Амантай Тәжікенов.

Көлік саудалаушылар да, сатып алушылар да әліптің артын бағып отыр. Құны арзандайды деп күткен көпшіліктің үміті ақтала ма, ол әзірге белгісіз.

Талқылау