Утиль алым мөлшерлемесін азайтуға неге өнеркәсіп министрлігі қарсы – Министрі жауап берді
Мәжіліс кулуарында өнеркәсіп және құрылыс министрі утиль алым мөлшерлемесі азаймайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos
Бүгін мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев утильалым мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
"Қазір ондаған мың қазақстандық осы мәселеге алаңдап, талай жерде бастама көтеріп, мәселенің шешілуін талап етіп отыр. Бұл туралы депутаттық сауал жолдадым. Бірқатар депутатпен арнайы дөңгелек үстел өткіздік. Онда ішкі істер министрлігі, қаржы, ауыл шаруашылығы, экология, ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек сізге қарасты министрліктің комитет өкілі "Бұл төлемдер қажет. Олар осы күйінде сақталуы керек" деп қалды. Одан кейін депутаттар 7 күн мерзім бердік. Нақты себептерді тізіп, ресми түрде жауап беріңіздер дедік. Сіздердің министрліктен бірде-бір хат алған жоқпыз. Бір ресми жауап алмадық. Бұл төлемдердің төмендеуіне неге қарсысыздар? Қандай негіздемелер бар? Жауап беруден бас тартып, халықпен ашық әрі түсінікті диалог неге жүргізілмейді?", – деді депутат.
Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл сұрақ бүгінгі күн тәртібіне сәйкес келмейтінін айтып, мардымды жауап бермеді.
"Бұл сұрақтың бүгінгі тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ. Жеке кездесіп, сізге жауап береміз", – деп қысқа қайырды ол.
Тілшілер мәжілістен шыққан министрге кулуарда осы мәселе бойынша қосымша сұрақ қойды.
"Біз утиль алым бойынша қазіргі таңда ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Ең әуелі мен – өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуатын арттыру. Қазір Қазақстанда екі автокөлік зауытын салып жатырмыз. Автокөлік өндіру саласында қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім санап жатқан жоқ”, –деді Шарлапаев.
Ол 2025 жылы Kia зауытының құрылысын аяқтайтынын атап өтті. Сонымен қатар министрдің сөзінше, Алматы қаласының жанында 90 мың көлік өндіретін зауыт салынып жатыр.
“Ол жерде жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осындай сұрақ қойдым. Меніңше, Қазақстан азаматтарының жұмыс орындары мен кәсіпорындар сақталу үшін бізге аз да болса протекционизм жасау керек", - деп жауап берді ведомство басшысы.