“Үшеуінің кесірінен миллиондаған адам өлді”: Трамп Зеленскийді соғыс бастады деп айыптады
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыстың басталуына тағы да Владимир Зеленскийді кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ВВС
Трамп бұл туралы Ақ үйде Сальвадор президенті Найиб Букелемен кездесу кезінде айтты. Журналистердің бірі Сумы қаласына жасалған зымыран соққысына қатысты "қате" деген сөзінің мәнін нақтылауын сұраған. Бұл шабуылдың салдарынан 30-дан астам адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған еді.
"Соғыстың басталуына жол берілгенінің өзі қате. Байден де, Зеленский де соғысты тоқтата алар еді. Ал Путин мүлде соғысты бастамауы керек еді. Бәрі кінәлі. Үш адамның кесірінен миллиондаған адам қаза тапты. Олар – Путин, Байден және Зеленский", — деді Трамп.
Сондай-ақ Трамп Украинаға Patriot зениттік-зымыран жүйесін беру туралы Зеленскийдің өтінішіне қатысты пікір білдірді.
"Соғыс бастаған кезде оны жеңе алатыныңа сенімді болуың керек. Өзіңнен 20 есе үлкен елмен соғыс бастап алып, сосын зымыран береді деп үміттенуге болмайды", – деді Трамп.
Бұл сөздер Украина халқында қатты резонанс тудырды. Журналистер мен сарапшылар бұл туралы әлеуметтік желілерде белсенді түрде жазды.
Оған қоса Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Путиннің Украинаға басып кіру туралы ойы болмағанын, Байденнің соғыстың алдын алу үшін мұнай бағасын төмендетуі тиіс болғанын, бірақ оны істемегенін мәлімдеді.
Трамп Ресейге атысты тоқтатудың соңғы мерзімін белгілегенін растады.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Вашингтон Мәскеудің бейбітшілікке ұмтылу әрекетіне баға бермек.
Өз кезегінде Зеленский де Ресейдің бейбітшілікке ұмтылмайтынын айтып, АҚШ-тың қысымымен Украина бір айдан астам уақыт бұрын атысты тоқтатуға келіскенін еске салды.
"Мәскеу қорықпайды. Егер Ресейге жеткілікті қысым жасалмаса, ол соғысты жалғастыра береді. Біз бейбітшілікке қарсы болмадық. Украина соғысты қалаған емес. Ресей украин жеріне 2014 жылы басып кірді. Мұны әлем білуге тиіс", — деді Зеленский.
Ресей жағы болса, тек Украина қарулы күштерге мобилизациядан бас тартып, Батыс қару жеткізуді тоқтатса ғана бітімге келуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ Украина мен Батыс елдері мұндай талаптарды қабылдауға болмайтынын айтты, себебі бұл Украинаға қарсы ресейлік агрессияға жол ашар еді.
Сонымен қатар Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен болған соңғы келіссөздері туралы айтып берді. Жұма күні ол Санкт-Петербургке барып, соңғы бірнеше айда үшінші рет Путинмен кездесті. Келіссөздер төрт сағаттан астам уақытқа созылған.
"Бұл келісім бес территория туралы, бірақ басқа да маңызды мәселелер бар. Мәселен қауіпсіздікке кепілдік беру, НАТО-ның болмауы, Бесінші бап және т.б.", — деді ол.
Ресей өз шарттарын бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Украина НАТО-ға кіруден бас тартып, Ресей аннексиялаған аумақтарды беруі керек. Украина болса, қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа жолдарын да қарастыруға дайын екенін айтқан. Бірақ Украина мен Батыс бұл аумақтардың Ресейге өтуін ешқашан мойындамайтынын білдірген.