Үш жыл ішінде 1,3 миллиард: Электрсамокат иелері Қазақстан қазынасына қанша салық төледі
Фото: Іnstagram.com/yandex.go
Қазірге дейін Қазақстандағы кикшеринг нарығында ЯндексGo, Jet, Whoosh, Eleven және BusyFly секілді бес сервис электрсамокаттарды жалға беретін. Кейін белорусиялық Eleven сервисі ел нарығынан кетіп, орнына эстониялық Bolt келді. Қазақстан қарқынды әрі сәтті дамып жатқан салада Яндекс Go үш жыл ішінде 1,3 миллиард теңге салық төлеп, мемлекет қазынасын толтырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Яндекс Go
Қазақстандағы “Яндекс” электрсамокаттарын жалға беру қызметіне “Микромобильность” ЖШС жауап береді. Үш жыл ішінде компания 1,3 миллиардқа жуық салық төлеген.
- 2023 жылы – 283 771 668 теңге;
- 2024 жылы – 794 894 459 теңге;
- 2025 жылдың басынан бері қазынаға – 216 784 596 теңгеден астам қаражат түскен.
Құрылтайшысы “Y. Taxi Qazaqstan” ЖШС Дубайда тіркелген. Ол Y.E. Holding Limited құрамына кіреді және оның ресейлік Y.E. HOLDING LLC компаниясымен байланысты болуы мүмкін.
Бас компанияның салық төлемдері – 50 миллиард теңгеден асады, оның негізгі бөлігі 2022–2025 жылдары төленген.
“Яндекстің” серіктесі – “Надёжный сервис” ЖШС. Бұл компания 2023 жылдан бері бюджетке шамамен 239 миллион теңге төлеген.
Фото: Pk.adata.kz
2023 жылы – 24 706 098 теңге;
2024 жылы – 71 332 159 теңге;
2025 жылы – 143 754 253 теңге.
Құрылтайшысы – 37 жастағы Алибек Қалиев. Сондай-ақ ол такси қызметін көрсететін Urban Drive фирмасына иелік етеді.
Сервистің Қазақстанда қанша табыс тапқаны туралы ақпарат жоқ. Өйткені қаржы технологиялары саласында әлемдік деңгейде ірі әрі ықпалды компания әр ел мен сервистің қаржылық көрсеткіштерін жарияламайды. 2024 жылы наурызда мәжіліс депутаты Ерлан Бейсенбаев “Яндекс” 2023 жылы Қазақстанда шамамен 400 миллиард теңге табыс тапты” деген мәлімдеме жасады. Алайда бұл – ресми табыс емес, тек жалпы кіріс жөніндегі бағалау ғана.
Фото: Іnstagram.com/yandex.go
Jet
“Jet sharing” ЖШС 2021 жылдың ақпанында Алматыда тіркелген. Компания қазақстандықтарға бағдарламалық жасақтама әзірлеу қызмет түрін ұсынады. 2022 жылдан бері компанияның салық төлемдері тұрақты өсіп келеді. Оның салық төлемінің жалпы көлемі шамамен – 97 миллион теңге.
- 2021 жылы – 2 220 707 теңге;
- 2022 жылы – 16 712 728 теңге;
- 2023 жылы – 16 927 445 теңге;
- 2024 жылы – 29 846 896 теңге;
- 2025 жылы – 31 623 780 теңге.
“Jet sharing-тің” құрылтайшысы – “Астана” халықаралық қаржы орталығында тіркелген Jet Group LTD жекеменшік компаниясы. 2021 жылдан бері төленген салықтық жалпы мөлшері шамамен 583 миллион теңгеден астам.
- 2025 жылы - 491 584 766 теңге;
- 2024 жылы - 45 384 174 теңге;
- 2023 жылы - 24 527 417 теңге;
- 2022 жылы - 16 493 635 теңге;
- 2021 жылы - 5 646 677 теңге.
Компанияда 10 құрылтайшы бар, олардың көбі шетелдік жеке және заңды тұлғалар. Олардың қатарында:
- Ресейлік Urent шэринг компаниясы МТС тобына кіреді.
- Қазақстандық құрылтайшы – Мейрамбек Абелкасов. Forbes.kz-тің жазуынша, ол – Jet сервисінің негізін қалаушылардың бірі.
Jet-тің ресми есебінше, 2024 жылы компанияның кірісі 6,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37,5% артық. Отандық БАҚ деректеріне сенсек, 2025 жылдың басында Jet 3 миллиард теңгеге облигация шығарған, оның 1 миллиард теңгесі сатуға шығарылған. Қаражат жаңа самокаттар сатып алуға жұмсалған.
Фото: Jetshr.com
Bolt
Алматы көшелерінде тамыз айының соңынан бастап Bolt-тың жасыл электросамокаттары пайда болды. Нарықты жаулап алу үшін компания сапардың құнын басқа бәсекелестерінен арзан етіп қойды, яғни қызмет бағасын пайдалану минутына – 10 теңге. Пайдаланушы келісіміне сәйкес, Қазақстандағы сервистің операторы – 2019 жылы Астанада тіркелген “Bolt Services KZ” ЖШС. Құжат бойынша, компанияның қызметі – нарық конъюнктурасын зерттеу және қоғамдық пікірді талдау.
Компанияның 2025 жылы төлеген салық көлемі – шамамен 60 миллион теңге.
2013 жылы құрылған “Bolt Services KZ” ЖШС-ның құрылтайшысы – Эстонияда тіркелген Bolt Holdings OU холдингтік компаниясы. Ол:
- Такси, аршеринг, электрсамокат, велосипедті жалға береді;
- Тамақ пен азық-түлік жеткізеді.
Қазір Bolt әлемнің 45-тен астам елінде жұмыс істейді. Эстония бизнес-тіркелімінің деректеріне сәйкес, компанияның негізгі бенефициары – 31 жастағы Bolt-тың негізін қалаушы Маркус Виллиг. Ол үлестің 15,49%-ына иелік етеді. Сондай-ақ акционерлердің бірі – Mercedes-Benz Mobility Services GmbH. Ол 7,41% үлеске ие.
Фото: Bolt.eu
Whoosh
“ВУШ КЗ” ЖШС – 2022 жылы Алматыда тіркелген. Үш жыл ішінде компания мемлекет қазынасына 1,6 миллиард теңге салық төлеген.
- 2024 жылы - 421 008 219 теңге;
- 2023 жылы - 621 064 183 теңге;
- 2022 жылы - 429 369 756 теңге;
- 2025 жылдың басынан бері – 274 миллион теңге.
Компания құрылтайшысы – Ресейде тіркелген “Вуш Холдинг” АҚ. Оның үлескерлері де, басқаратындар да – компанияның негізін қалаушылары. Ең ірі акция пакеті, яғни 38,5%-ы бас директор Дмитрий Чуйкоға тиесілі.
Дмитрий Чуйко Украинада соғыс басталғанға дейін Еуропада да кикшерингілік бизнесін дамытқан, алайда кейін оны сатып жіберді.
Whoosh-тың кіріс-шығыс деректері холдингтің жалпы есебі бойынша ғана жарияланады, жекелеген нарықтарға бөлінбейді. 2024 жылы компанияның таза 1,986 миллиард рубль пайда көрді, ал кірісі 33,3% өсіп, 14,3 миллиард рубльге жетті.
Фото: whoosh-store.ru
BusyFly
BusyFly – электросамокат шерингі франшизасы. Сервис 2020 жылы Ресейде навигациялық жабдық өндіретін Arusnavi компаниясы арқылы іске қосылды. Компанияның негізін қалаушы – Евгений Ерохин. Алайда ол компанияның өзі самокаттарға иелік етіп, басқармайтынын айтты. Бұл тек ІТ платформа, ал бизнесті франчайзилер дамытады. Қазақстандағы BusyFly компаниясының қаржылық табысы мен салықтық аударымдары туралы ашық деректер жоқ.
Қазақстанда BusyFly брендімен самокат жалдау қызметін Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Тараз, Түркістан, Орал, Шымкент шаһарындағы “Восток” жеке кәсібі мен Көкшетаудағы “Сушко” жеке кәсіп иесі жүзеге асырады.
Фото: Іnstagram.com/busyfly_official
Eleven
“Илевн Кей Зет” ЖШҚ Алматыда 2020 жылы тіркелді. Бес жыл ішінде – 123 миллион теңге салық төлеген.
- 2025 жылы – 141 мың теңге;
- 2024 жылы - 4 487 956 теңге;
- 2023 жылы - 20 595 527 теңге;
- 2022 жылы - 36 212 838 теңге;
- 2021 жылы - 34 982 553 теңге;
- 2020 жылы – 27 375 518 теңге;
2022 жылы компанияның ең көп салық төлемі 52,2 миллион теңгеге жеткен, алайда кейін төмендей бастады. Бұл сервис Қазақстандағы жұмысын уақытша тоқтатса керек. Жарияланым күніне қарсақ, компанияның банктік шоттарына тыйым салынған және 118 мың теңге қарызы бары белгілі.
ЖШС құрылтайшысы – Беларусьтегі “Илевн” ЖШС. Оның бұрынғы иесі – кәсіпкер Дмитрий Богданов. Былтыр белоруссиялық әзірлеушіні ресейлік “МТС Юрент” компаниясы сатып алды.
Фото: eleven_scooters.kz

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
