Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш рет пышақ сұқтым": Шерзаттың өліміне басты күдікті "Хутор" бандасы туралы айтты

Фото: Видеодан скрин / Сотталушы Абзал Шынасыл

21 мамырдағы сот отырысында Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған Абзал Шынасылдың қатысуымен жүргізілген тергеу экспериментінің видеосы қаралды. Бейнематериал оқиға орнында түсірілген. Сонымен қатар ол “Хутор” бандасына қатысы жоқ екенін және ол топтың болмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокурор Дана Сәрсембай сот барысында 2024 жылғы 4 қазанда түсірілген бейнежазбаны көрсетуге өтініш білдірді. Оның айтуынша, бейнежазбада Абзал Шынасыл пышақ салғаны туралы айтып берген.

Бейнекадрда Шынасыл дүкен маңында адамдар жиналып, төбелес болып жатқанын көріп, сол жерге жүгіріп барғанын айтты.

"Міне, мына жерде ағаштар тұр. Сақалы бар (Шерзат Полаттың нағашы ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев) сол жерден жүріп өтті. Мен оны мына жерде жұдырықпен ұрдым. Сосын жақындай түстім. Сол кезде екінші рет оқ атылды. Мен сілейіп тұрып қалдым. Ол тағы оқтап, үшінші оқты салды. Бір жаққа атып жіберді, мен құлағыммен сол оқтың дыбысын сездім", – деді Абзал Шынасыл тергеу эксперименті кезінде.

Абзал Шынасылдың сөзінше, кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың мылтығын тартып алуға тырысқан.

"Екі адам жүгіріп барды. Сосын біреуі құлап түсті. Сол бородатый оны құшақтап алып, "Жедел жәрдем! Жедел жәрдем!" деп айқайлады. Сол жерде адамдар жүрген. Мен де сол жаққа жүгіріп бардым. Ол отырған. Мен оны теуіп, жұдырықпен ұрдым. Сосын тағы да төбелес басталды. Бәрі оған жабылды", – деді күдікті.

Ол төңіректе қыздардың да жүргенін, көршілердің де шыққанын айтты.

"Ол құлаған кезде, мен пышақты шығарып, былай ұстадым да, үш рет пышақ сұқтым. Сосын көлікке отырып, кетіп қалдық", – деді Абзал Шынасыл.

Ол кейін пышақ пен оның қабын "Биатлон" деген жерге барған кезде лақтырып жібергенін айтты. Сонымен қатар ол тергеу эксперименті кезінде жасөспірімді біреулер ұрғанын көргенін, бірақ нақты кім ұрғанын айта алмайтынын жеткізді.

Сот отырысы барысында Абзал Шынасыл "Хуторские" атты бандалық топпен байланысы туралы, "Чика" мен "Делайте" тобы жайлы сұрақ қойылды.

"Мен ол жерде болғанда ондай топтар болған жоқ. Осы іске байланысты айтқым келеді. БАҚ-та "Хуторские" деген бандалар бар деп жатыр. Жоқ, біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Біз – ауылдың қарапайым жігіттеріміз. Неге бізді "Хуторские" деп атап жатыр, түсінбеймін", – деді сотта Абзал Шынасыл.

Шерзат ісі: Айыпталушының Instagram-дағы автомат пен "Хутор" деген жазуы бар фотосы сотта сұрақ туғызды


Сотталушы Нұрқанаттың мылтық атуы Шерзаттың өліміне себеп болғанын айтты


Еске салайық, бұған дейін 21 мамырда Талдықорғанда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сотта басты күдікті Абзал Шынасыл куәлік берді. Ол тергеуде өзара келісіп, пышақ менде болғандықтан, қылмысты өз мойныма ала салайын деп шешкенін айтты. Тергеушілер "бір адам мойындасын, әйтпесе бәрің ұйымдасқан топ боласыңдар" деп қысым жасаған. Сотта Шынасыл “Шерзатқа пышақ салмадым”, ал “Нұрқанаттың жамбасына пышақ сұққанымды мойындаймын, бірақ өлтіру ниетім болмады” деді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 12:28
Талқылау