Үш экраны бар HUAWEI Mate X6: жеңіл әрі қуатты жаңа смартфонға шолу
HUAWEI компаниясы жұп-жұқа, дизайны ерекше, сапалы камерасы әрі үш экраны бар HUAWEI Mate X6 смартфонын шығарды. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жаңа құрылғыны бірнеше күн қолданып көріп, оның функциялары несімен ерекше екенін білді.
Фото: Павел Шамин
Қорабы мен комплектациясы
HUAWEI Mate X6 смартфоны компанияның басқа смартфондары сияқты әдемі қорапқа оралып келді. Дегенмен бұл смартфонның қорабы әжептәуір үлкен екен. Оның ішінде смартфон, оның қуаттағышы және қабы бар. Смартфонның қабы экобылғарыдан жасалған әрі қалың. Құрылғыны жақсы қорғайтыны көрініп тұр. Оған қоса бұл қапты смартфонның тіреуіші етіп қолдануға болады.
Фото: Павел Шамин
Қаптың төмен жағындағы бөлігін ашсаңыз, смартфонды тіреп тұрады. Осылай қойып, құрылғы арқылы фильм, видео, подкаст тамашалаған ыңғайлы.
Дизайны мен сыртқы сипаттамасы
HUAWEI Mate X6 смартфонының үш түсті түрі бар: қара және қызыл. Смартфон жыныс талғамайды. Кез келген түстегі нұсқасын ер адам да, әйел адам да ұстаса жарасады. Ал ерекше әрі үлкен камерасы орбита сақинасы сияқты.
Смартфонның салмағы – небәрі 239 грамм. Құрылғы үлкен әрі үш экраны болғанына қарамастан, жеп-жеңіл. Оның үстіне жұп-жұқа, бүктелген күйінде қалыңдығы – 9,85 миллиметр, ал ашылған күйінде – 4,6 милимметр. Мұндай телефонды қолда ұстаған, үнемі өзіңмен алып жүрген қолайлы.
Фото: Павел Шамин
Экраны
Бұл смартфонның артықшылығы – экраны. Смартфонның үш бірдей сенсор экраны бар. Адам құрылғыны бүктелген күйінде қолданса, кәдімгі басқа смартфондағыдай бір экраны істеп тұрады. Ал құрылғыны ашса, бір экраны автомат түрде артқы корпусқа айналып, ашылған екі экраны іске қосылады екен. Құрылғы оңай ашылып-жабылады.
Фото: Павел Шамин
Үш экранының да сапалы етіп жасалғаны байқалып тұр. Ашылған екі экранның ортасындағы сызық аса білінбейді, екі экраны қосылып, үп-үлкен, теп-тегіс бір экранға айналады. Құрылғының негізгі экраны – 7,93 дюйм, ал қосымша екі экраны – 6,45 дюйм. Жиілігі – 120 Гц. Жады – 12 ГБ RAM + 512 ГБ ROM. Экранның дисплейі OLED технологиясы бойынша жасалған әрі Kunlun Glass 2-буын әйнегі қойылған. Соның арқасында телефон берік әрі тез сырылып кетпейді, шаң-тозаң жинамайды.
Құрылғының үш экраны да бейнені, контентті 2444 сапада, яғни анық әрі қанық етіп көрсетеді. Мәселен, бұл смартфоннан YouTube-қа кіріп, BTS деген сүйікті тобымның бейнебаяндарын көріп шықтым. Әдетте BTS видеоларын өте сапалы етіп түсіреді. Осы смартфоннан да жақсы етіп көрсетілді.
Фото: Павел Шамин
Үш экранның пайдасы көп. Мәселен, басқа смартфондағыдай бір кішкентай экранға телміріп, көзіңді ауыртып отырмайсың. Ноутбук, компьютер сияқты үлкен құрылғыны көтеріп, оны қоятын жер іздеп жүрмейсің. Смартфонның ішкі екі экраны арқылы кез келген жерде фильм көріп, кітап оқып отыра беруге болады. Мәселен, метрода адам көп, интернет істемейді. Адам лық толы жерде кітап ұстап тұрған ыңғайсыз. Мұндай жерде смартфонның үлкен экраны арқылы кітап оқып, уақытты тиімді пайдалануға болады. Оның бұл функциясы тек ересектерге емес, балаларға да қолайлы.
Фото: Павел Шамин
Камерасы
HUAWEI Mate X6 смартфонының төрт камерасы бар. Құрылғының камерасы сізге қарап тұрған үлкен көз сияқты. Алғашында біртүрлі болып көрінді, дегенмен кейін мүмкіндіктерін байқап, көңілім толды. Біріншіден, камерасы арқылы 4К сападағы фото, видео жасауға болады. Диагфраммасы реттелетін 50 МП объективі арқылы түнде де контент жасауға мүмкіндік бар.
Екіншіден, маған портрет режимі ұнады. Бейнені сапалы етеді, лезде бір объектке фокус қоя алады. Ал 48 МП-ға тең макро телеобъективімен ештеңені бұлыңғыр етпей, суреттегі барлық детальді тұп-тұнық ете аласыз.
Үшіншіден, XMAGE жүйесі және XD Fusion технологиясының арқасында камерасы түрлі түсті қанық етіп бейнелейді.
Фото: Павел Шамин
Төртіншіден, камера алыстан да, жақыннан да суретті, видеоны тұнық түсіреді. Мысалы, сүйікті әншіңіздің концертіне бардыңыз. Артқы орында отырсаңыз да, сахнадағы сүйікті жұлдызыңызды камера арқылы жақындатып, фотоға түсіре аласыз. 40 МП-ға тең ультракең объективінің арқасында үлкен ғимараттарды, пейзаждарды бейнелеуге де болады.
HUAWEI Mate X6 смартфонына алыстан түсірілген фото
Бұл смартфонның бесінші ерекше тұсы – Ultra Speed Snapshot режимі, яғни қозғалып жатқан объектіні жақсы түсіретіні. Жолда кетіп бара жатқан көліктерді, балабақшада билеп жатқан балаңызды, аспанда атылып жатқан отшашу мен жауып тұрған қарды да түсіріп, әдемі әрі сапалы кадр шығаруға болады.
HUAWEI Mate X6 смартфонына алыстан түсірілген фото
Алтыншыдан, смартфонның артқы камерасына селфи жасап және оны дәл сол сәтте өзіңіз көріп тұра аласыз. Меніңше, бұл – фотоға түскенді ұнататын адамдарға таптырмас құрал.
Смартфон камера әрі штатив бола алады екен. Құрылғыны жартылай ашып, бір экраны арқылы әдемі бейне түсіруге болады. Ал екінші экранын штатив ретінде қолдансаңыз, қолыңыз дірілдемейді.
Ерекше қосымша мүмкіндіктері
HUAWEI Mate X6 смартфонына жасанды интеллектің түрлі мүмкіндігі қосылған. Бұл смартфонды кез келген жастағы адамға ыңғайлап баптауға болады. Көзді ауыртпайтын, қаріптерді үлкейтетін түрлі қызметі бар.
Сонымен қатар жасанды интеллектің арқасында телефонға келетін хабарландыруды жасырып қоюға мүмкіндік бар. Сонда смартфоныңызды бөтен біреу қолданып отырса, ол сізге келген хабарландыруларды көре алмайды. Бұл жеке деректерді қорғауға көмектеседі.
Бұған қоса смартфонды ешқандай жалғағышқа қоспай-ақ, үлкен экранмен, дисплеймен байланыстыруға болады. Смартфон шуды да баса алады. Яғни мысалы, смартфон иесі шулы жерде тұрып біреуге хабарласса да, құрылғы артық у-шу дыбысты басып, тек қоңырау шалған адамның даусын естуге мүмкіндік береді. Оған қоса телефонды бұғаттан ашып-жабатын шеткі батырманы сіздің ғана саусақ ізіңізді танитындай етуге мүмкіндік бар.
Фото: Павел Шамин
Айтпақшы, MicroG-дің арқасында Huawei Mate X6 смартфоны арқылы Google экожүйесін – Google Maps-ты, YouTube-ты, Gmail-ды және басқа да танымал қолданбаларды ешқандай шектеусіз, емін-еркін қолдануға болады. Ол үшін MicroG-ді AppGallery қосымшасынан жүктей аласыз. MicroG оңай орнатылады әрі жеке деректеріңізді қауіпсіз жерде сақтайды.
Қуаттағышы
Смартфон қуаттағышының батареясының күші сағатына 5110 мА-ге тең. Құрылғының қуаты ұзаққа жетеді. Ал бітіп қалса, қуаттағышы 10 минутта кәдімгідей толтырып береді. Асығып тұрған кезіңізде тез қуаттай алатыны – керек функция.
Қорытындыласақ, HUAWEI Mate X6 – жұқа әрі жеңіл, камерасы мықты, үш сенсор экраны бар смартфон. Оған қоса ол жасанды интеллект технологиясы арқылы істейді де, қолданушыға көп мүмкіндік сыйлайды. Бұл кез келген жастағы адамға әмбебап құрылғы бола алады.