Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш басшы кабинетке кіргізіп, соққыға жыққан": Түркістан облысындағы түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкері әділдік сұрайды

Түркістан облысындағы №55 түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкері әділдік сұрайды. Майор Дархан Төлегенов түрме басшысы ұрып-соғып, жұмыстан мәжбүрлеп шығарды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер органында 15 жылдан аса тәжірибесі бар азамат өзге де заңсыздықтарды айтып берді. Жәбірленуші Дархан Төлегенов түзеу мекемесінде жарты жыл ғана жұмыс істеген. Ол түрменің үш бірдей басшысы кабинетке кіргізіп, соққыға жықты деп отыр. Оны орындықпен ұрып, негізсіз жала жапқан.

"Қызмет бөлмесіне кіргізіп алып, “Мекемеге есірткі кіргізбек болдың, сотталғанға ұялы телефон кіргізбек болдың” деп жалған айыптады. Сол жерде мені ұрып, мойнымнан қылқындырып, мәжбүрлі түрде баянат жаздырып алған", – деді Дархан Төлегенов.

Ер адам полицейлерді шақырса да, олар мүлдем шара қолданбаған. Дегенмен бұл жайттан кейін түзеу мекемесінде тексеріс жүргізілген екен.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бөлім бастығы Қарлығаш Құралбаева мүлдем заңбұзушылық анықталмағанын айтады.

"№55 түзеу мекемесінде сотталғандар мен заңсыз қарым-қатынасқа түскендер дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, қорытындысына сәйкес теріс қылықтармен босатылды. Басшыларына қатысты прокуратура мен қызметтік тексеру жүргізіліп, қорытындысына сай дәлелін таппауына байланысты тексеріс тоқтатылды", – деді Қарлығаш Құралбаева.

Ер адам енді  ішкі істер министрлігіне шағым түсірмек. Айтуынша, бейнебақылау камерасында барлық жайт жазылып қалған. 



Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Леңгір қаласындағы №55 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан балаларымызды азаптап жатыр деген ата-аналар шу шығарды. Ата-аналардың айтуынша, абақты басшылығы жазасын өтеушілерге күн көрсетпейді екен. Сондықтан түрмедегі жазасын өтеушілер арасында өзіне қол салу жағдайлары жиілеген. Түзеу мекемесіндегі сотталушылар туыстарына видеоүндеу жолдап, көмек сұраған.

Талқылау