Универсиада жеңімпаздарына берілетін сыйақының көлемі белгілі болды
Бүгін Алматыда қысқы дүбірлі дода жеңімпаздарына берілетін сыйақы мөлшері айтылып, медальдар да көрсетілді, деп хабарлайды КТК.
Қысқы универсиаданың басталуына бар-жоғы 12 күн қалды. Ал, ұйымдастырушылар шараға тас түйін дайынбыз деп отыр. Тіпті бүгін жеңімпаздарға берілетін медальдарды да таныстырып үлгерді.
Қазақша ою-өрнекпен әсемделіп, универсиаданың логотипі бедерленген 86 жиынтық медаль теңге сарайында құйылған екен. Алайда бірінші орын үшін берілетін жүлденің құрамында бір грамм алтын жоқ.
“Алтын медаль сары түсті жезден жасалған. Ал күміс медаль мельхиор деген металлдан құйылды. Қола медальді қоңыр түсті темірден жасадық. Медальдар Ұлттық банктің теңге сарайында құйылды”, – деді Универсиадаға дайындалу және өткізу дирекциясы директорының орынбасары Кәмила Ұлықпанова.
Медаль құрамында құнды металл болмағанымен, жүлденің қомақты сыйақысы бар. Яғни үздік үштіктің қатарынан көрінген спортшыға мемлекет тарапынан сыйақы тағайындалған. Бүгін оның көлемін Мәдениет және спорт министрі атады..
“1-ші орынға 4 миллион 900 мың, 2-ші орынға 3 миллион 300 мың, 3-ші орын алғандарға миллион 600 мың теңге көлемінде сыйақы бар. Дәл осындай қаржымен жеңімпаздардың бапкерлерін де марапаттаймыз”, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Дүбірлі доданы ың-шыңсыз өткізу үшін қауіпсіздік шараларына да аса мән берілуде. Мәселен, универсиада кезінде Алматыдағы тәртіпті 7 мыңнан астам полицей қадағаламақ. Сондай-ақ, спорттық нысандар жіті тексеріліп, онда жұмыс істейтін 11 мың қызметкердің лаңкестік ұйымдарға қатысының бар-жоғы тексерілген.
“Лаңкестік әрекеттің алдын алу үшін универсиада ойындары өтетін 6 нысанды тексеріп шықтық. Сонымен қатар, қару-жарақтың бар-жоғын анықтайтын 96 арка және 27 рентген аппараты орнатылды. Бұдан бөлек барлық нысандар 2000-нан астам бейнекамерамен жабдықталған”, – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов.
Сондай-ақ универсиада кезінде Алматыға кіретін көліктерге де шектеу қойылатын болды. Атап айтқанда техникалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк көліктері мен жеңіл машиналар шаһарға кіргізілмейді. Яғни тоз-тозы шыққан көліктер қаланың кіре берісіндегі 18 бекетте тоқтатылмақ.
29-шы қаңтар күні жалауы желбірейтін қысқы универсиадаға әлемнің 59 елінен екі мыңға тарта спортшы қатысады деп күтілуде. Олар 11 күн бойы спорттың 12 түрінен жарысқа түсіп, өзара бақ сынайды. Бұл дүбірлі додаға біздің елден 168 спортшы қатысатын болды. Ал оларға 65 бапкер бар білгенін үйретіп, жігерін қамшылап отырмақшы. Тіпті сарапшылар барлық бағдарлама бойынша сынға түсетін саңлақтарымыз жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарында болады деген болжам айтуда.
Оқи отырыңыз:
Боксшы Біржан Жақыпов лауазымды қызметке тағайындалды
Боксшы Баду Джек төрешіні талдырып құлатты (видео)
Қазақстандық ауыр атлет Пекин олимпиадасының “чемпионы” атанды