Үндістанмен соғыс болмай қоймайды – Пәкістан қорғаныс министрі
Фото: Ariana News
Пәкістан қорғаныс министрі Хаваджа Асиф 2-4 күннен кейін Үндістан мен Пәкістан арасында соғыс басталуы мүмкін екенін айтты. Ол Пәкістан қарулы күштерін арттырып, бірқатар стратегиялық шешім қабылдағанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі ядролық держава арасындағы шиеленіс өткен аптада Үндістанның бақылауындағы Кашмирдің Пахалгам аймағында туристерге жасалған шабуылдан кейін ушыға түсті. Шабуыл салдарынан 26 адам қаза болды.
Үндістан билігі бұл оқиғаны “теракт” деп атап, оған үнді билігіне қарсы күресіп жүрген содырларды айыптады.
"Біз күштерімізді арттырдық, өйткені басқа жол жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда кейбір стратегиялық шешімдер қабылдануы керек және бұл шешімдер қабылданды", - деді Хаваджа Мухаммад Асиф Исламабадтағы кеңсесінде Reuters агенттігіне.
Бұған дейін Samaa TV арнасына берген эксклюзивті сұхбатында Хаваджа Асиф Үндістанның Пахалгам шабуылына қатысты Пәкістанға қарсы айыптауларын үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің саяси беделін қалпына келтіруге бағытталған шара екенін айтқан.
Пахалгам шабуылынан кейін Үндістан Пәкістанмен Инд сулары туралы тарихи келісімді ресми түрде тоқтатты. Дели сонымен қатар екі ел арасындағы негізгі шекара өткелі Аттари өткізу пунктінің жабылғанын жариялай отырып, елдегі барлық Пәкістан азаматына 48 сағат ішінде кетуді бұйырды. Пәкістан Жоғарғы комиссиясының қызметкерлеріне де жеті күн ішінде үйіне қайтуға бұйрық берілді. Үндістан да Пәкістан азаматтарына берілетін барлық визаны тоқтатты.
Еске салсақ, 25 сәуірде Пәкістанның қарулы күштері Бақылау сызығын бойлай оқ жаудырды. Бұған Үндістан әскерилері де жауап берді. Ал Бандипорда лаңкестер қауіпсіздік күштеріне оқ жаудырғаннан кейін қақтығыс басталды.
Тілшіміз Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыс тарихына шолу жасап көрген еді.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
