Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістандық ірі әуе компаниясы Алматыға рейстерін тоқтатты: Бір топ қазақстандық Мумбай әуежайында қалып қойған

Видеодан скрин

Үндістандық IndiGo әуе компаниясы халықаралық рейстердің бір бөлігін, соның ішінде Алматыға ұшатын рейстерін де тоқтатты. Бұл шешім Иран әуе кеңістігіндегі қауіпті жағдайларға байланысты қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әуе компанияның X желісіндегі хабарламасына сүйенсек, 26, 27 және 28 қаңтарға жоспарланған рейстер тоқтатылған.

Шектеулерге байланысты қазақстандық туристер тобы Мумбай әуежайында қиын жағдайға тап болды. Олар елге қайта алмай, әуежайдың транзиттік аймағында қалып қойған. Туристер IndiGO әуе компаниясының Пхукет – Мумбай – Алматы бағыты бойынша ұшқан. Алайда Мумбайға қонғаннан кейін әуе компаниясының келесі рейстері тоқтатылғаны белгілі болған. Соның салдарынан жолаушылар транзиттік аймақта екі тәулік бойы күтуге мәжбүр.

Жолаушыларға Алматыға ұшатын рейстер Иран үстіндегі әуе кеңістігінің жабылуына байланысты тоқтатылғаны хабарланған.


“Транзиттік аймақта қалып қойған”: SCAT әуе компаниясының 247 жолаушысы Тараз әуежайында түнеуге мәжбүр болды


Жолаушыларға қажетті жағдайдың жасалмауы жағдайды одан әрі қиындатқан. Берілген тамақ тым ащы, балаларға беруге жарамсыз болған, ал дәмдеуішсіз тағам беру туралы өтініштер ескерусіз қалған көрінеді. Транзиттік аймақтан шығуға мүмкіндік болмағандықтар, уақытша тұруға арналған қонақүй де ұсынылмаған. Әуе компания өкілдері жолаушыларға 27 қаңтардың кешіне дейін күтуді ұсынып отыр.

Жолаушылардың айтуынша, IndiGO компаниясы Мумбайдан ұшатын рейстердің тоқтатылатынын алдын ала білгеніне қарамастан оларды Пхукеттен ұшаққа отырғызған. Қазір жолаушыларға өз қаражатына басқа рейстерге билет сатып алу ұсынылуда. Алайда билеттердің бағасы көптеген отбасылар үшін қолжетімсіз, мәселен Мумбайдан Дубайға ұшу шамамен 1 200 000 теңге, ал Бангкокқа дейінгі билет құны 800 000 теңгеге жуық дейді жолаушылар. 

Айта кетейік, қазір Үндістанда маймыл шешегінің жаңа қауіпті штаммы анықталуына байланысты, елдің кейбір аумақтарында карантин енгізілген. Бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі "емі мен вакцина жоқ" Нипах вирусына қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әуе компанияларының да Иранның үстімен ұшуына тыйым салынған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 22:52