Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістан алғашқы гипердыбысты зымыранын сынақтан сәтті өткізді

Үндістан гипердыбысты зымыранын сынақтан сәтті өткізді. Үндістан үкіметі Қорғаныс зерттеулері мен әзірлемелері ұйымы 16 қараша күні кешке Одиша штатында зымыранын сынақтан өткізгені туралы хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Раджнатх Сингхтің X парақшасынан

Үндістан билігінің айтуынша, зымыранның ең жоғары ұшу қашықтығы – 1500 шақырым.

Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх өткізілген сәтті сынақты елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда "маңызды кезең" деп бағалады.

"Бұл – тарихи сәт және маңызды жетістік. Ол елімізді осындай маңызды және заманауи әскери технологияларға ие таңдаулы мемлекеттердің қатарына енгізді", – деп жазды Үндістанның қорғаныс министрі X желісінде.

Айта кетейік, Ресей өз қару-жарағында гипердыбысты қару бар екенін және Украинаға соққы жасау үшін "Циркон" мен "Кинжал" зымырандарын қолданатынын мәлімдеді. Гипердыбысты зымырандардың сәтті сынақтары туралы бірнеше жыл бұрын Қытай мен АҚШ та хабарлаған еді.

Bloomberg-тің хабарлауынша, бұл саладағы зерттеулерді Үндістаннан басқа Аустралия, Франция, Германия және Солтүстік Корея да жүргізіп жатыр.



Еске салайық, бұған дейін Байден Украинаға Ресейге шабуыл жасау үшін алыс қашықтықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат бергенін жазған едік. Бұл шешім АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатының өзгерісін көрсетеді, себебі бұрын Вашингтон мұндай әрекетке тыйым салған еді. Өйткені бұл аймақтағы жағдайды ушықтырады деп алаңдаған. ATACMS зымырандары 300 шақырымға дейінгі нысандарды дәл көздеуге мүмкіндік береді. Украина бұл қаруды Ресей мен Солтүстік Корея әскерлеріне, сондай-ақ олардың логистикалық желілеріне, әскери техникасына және оқ-дәрі қоймаларына соққы беру үшін қолдануы мүмкін. Бұл қадам Ресей мен Солтүстік Кореяның ықтимал шабуылын бәсеңдету мақсатында жасалған.

Талқылау