Ұлттық музейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтті
ҚР Ұлттық музейінде Наурыз мерекесіне орай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтті.
Сурет Нұрсерік Жолбарыстың Фейсбуктағы парақшасынан алынды
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Сәбилердің тұсауын кесуге Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Майра Мұхамедқызы, «Астана ақшамы» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Зейін Әліпбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин, «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, белгілі саясаттанушы-журналист Жарқын Түсіпбекұлы тәрізді танымал тұлғалар шақырылды.
“Жоба мемлекеттік деңгейде басталған «Жақсылық Жаса» атты халықтық жобасының аясында өткізілді. Осыдан біраз уақыт бұрын басталған бұл жобаға бүкіл қазақстандықтар атсалысты. Жоба өз жалғасын тауып келеді. Ұлттық музей ұжымы да бұл жобадан қалыс қалмай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «Тұсаукесер» рәсімі» жобасын қолға алды. Жоба алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады. Жетімін жылатпаған бабаларымыздың асыл қасиетінің осындай жоба арқылы көрініс тапқанына қуаныштымыз”, – деді ұйымдастырушы Нұрсерік Жолбарыс.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызыбалалардың болашағына ақ жол тілеп, өзінің аналық лебізін білдірді.
«Өзім ана болған соң, осы іс-шараға арнайы келдім. Наурыз мерекесіне орай өткізіліп жатқан «Тұсаукесер» рәсіміне қатысқаным үшін де өте қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ біздің қазақ жастары бала мәселесіне жеңіл қарамаса екен деймін. Ол үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние. Сонымен қатар, жетімдер үйі болмаса екен деймін. Бұл бүлдіршіндер махаббатқа, мейірімге зәру келеді. Сондықтан да оларды сүйіспеншілікке бөлеу бәріміздің адамдық борышымыз», – деді М.Мұхамедқызы.
Сонымен қатар, Қалқаман Сарин, Ләйлә Сұлтанқызы, Зейін Әліпбек, Жарқын Түсіпбекұлы балалардың тұсауын кесіп, ақ тілектерін арнады. Жоба аясында Астанадағы сәбилер үйінің 5 тәрбиеленушісінің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсіміндегі фотосуреттер мен тапсырылатын сертификаттар балалардың жеке іс-парағына тігіліп, болашақта өздерінің тұсауын кескен тұлғаларды біліп жүруі үшін сақталатын болады. Наурыз мерекесіне орай өткізілген бұл шара алдағы уақытта әр мереке сайын өз жалғасын таппақ.