Ауыр жарақат алған Ұлан Қонысбаевқа бүгін күрделі ота жасалмақ (видео, фото)
Кеше, 7 маусым күні Қытайдың Далянь қаласында футболдан Қазақстан мен Қытай құрамасы жолдастық кездесу өткізіп, Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Суреттер sport.qq.com және sohu.com сайттарынан алынды
Бұл туралы vesti.kz хабарлайды.
Жеңіс голын ойынның 68-ші минутында қорғаушы Юрий Логвиненконың пасын сәтті пайдаланған “Ордабасы” жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев баспен салды.
Мұнан соң қытайлықтар барынша қарымта шабуыл жасауға тырысқанымен, нәтиже шықпады.
Ойынның бірініш таймы аяқталар сәтте қазақстандық жартылай қорғаушы, “Атырау” футбол клубының вингері Ұлан Қонысбаев ауыр жарақат алды.
Әуедегі таластан кейін жерге сәтсіз құлаған футболшының тобығы тайып, аяқ сүйегі ашық сынып кеткен.
Ауыр жарақат алған футболшыны жедел жәрдеммен бірден ауруханаға жеткізіп, ота үстеліне жатқызған.
Ұланның жарақатын көріп шошыған қазақстандық футболшылар, қытайлықтарға дүрсе қоя беріп қақтығыс орын ала жаздады. Ұлан үшін әсіресе қатты қайғырған Таңат Нөсербаев пен Дмитрий Шомко болды.
Құрама футболшылары тіпті тайм аралық үзілісте де қытайлық тараппен сөзге келіп қалған.
Өз кезегінде Ұланмен соқтығысып қалған Қытай құрамасының жартылай қорғаушысы Жэнь Хан Ұлан мен Қазақстан ұлттық құрамасынан кешірім сұраған.
Кейінірек Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Ұланның емделу ақысының барлығын федерация өз мойнына алатынын мәлімдеді. Бүгін футболшыға Қытайдағы ең үздік ауруханадағы ең мықты хирург ота жасамақ.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Қытай құрамалары бұған дейін екі рет кездесіп, екеуінде Қытай құрамасы жеңіске жеткен. Бүгін команда капитаны Самат Смақов ұлттық құрамада ойнау бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Ал Давид Лория өзінің 40-шы матчында қақпасын құрғақ сақтай алды. Сондай-ақ, Альмир Мұхитдинов (Тобыл) мен Роман Муртазаев (Ертіс) ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойындарын өткізді.