Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинаның Кавказ портына шабуылы, АҚШ-тың Иранды айыптауы: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Беларусь президенті Лукашенко Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың өршуі Украинаның жойылуымен аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдемемен қатар Ресей өз елінің саясатына наразы шетелдіктердің көшіп келуін жеңілдететінін айтты. Ал Газа секторында атысты тоқтату туралы келіссөздердің жаңа кезеңі басталатыны хабарланған. Алайда келіссөз келесі аптаға ауыстырылды. Францияда солшылдар Макронға импичмент жариялайтындарын айтып қорқытты. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.

Коллаж: Stan.kz

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс: Кавказ портындағы шабуыл

Ресей Украина әскері Краснодар өлкесіндегі Кавказ портында орналасқан жанармай цистерналары бар паромға шабуыл жасағанын хабарлады. Краснодар аймақтық жедел штабтың мәліметінше, оқиға орнында өрт шыққан.

"Оқиға орнында төтенше және арнайы қызмет жұмыс істеп жатыр. Өрт аумағы мен зардап шеккендер туралы ақпарат анықталуда", – делінген жедел штаб хабарламасында.

Ақпараттан кейін Қырым көпірінде көлік қозғалысы жабылды.

Фото: РБК

Mash телеграм-арнасының хабарлауынша, украиндық әскерилер портқа Storm Shadow қанатты зымыранын атқылаған. Кейбір дереккөздер Нептун зымыраны Conroe Trader паромына тигенін мәлімдейді. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

Украина Кавказ портына жасалған шабуыл туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Еске салсақ, шілде айында украиналық күштер Кавказ портына бірнеше рет шабуыл жасап, нәтижесінде Славянин паромына зақым келген.

Британдық әскери барлау қызметі "Славянин" паромы сұйытылған мұнай газын тасымалдағанын хабарлады. Сарапшылардың сөзінше Украинаның Кавказ портына жасаған шабуылынан кейін Ресей жанармайды Қырым көпірі арқылы тасымалдауға мәжбүр болады.

Лукашенко қақтығыстың өршуі Украинаның жойылуымен аяқталуы мүмкін екенін айтты

Фото: Reuters

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей Курск аймағын оның аумағына басып кірген украин әскерлерінен азат ететінін және қақтығыстың өршуі Украинаның мемлекет ретінде жойылуына әкелетінін мәлімдеді.

"Россия" телеарнасына берген сұхбатында Лукашенко Курск облысына шабуыл жасаған украиналық жауынгерлердің барлығы өз ісінің маманы болғанын айтты.

"Курск облысына шабуыл жасаған украиналық жауынгерлердің барлығы ұрыс аумақтарынан жиналған әскерлер. Бұлар соғысқа қатысқан мамандар. Қалғандары жалдамалылар, поляктар және тағы басқалары. Өте мықты күштер жұмылдырылған. Шекара дегеніміз не? Мен әскерде болғанмын, білемін. Шекара қызметі мұндай күшке төтеп бере алмайтыны анық", – деді Александр Лукашенко.

Ресей өз елінің саясатына наразы шетелдіктердің көшіп келуін жеңілдетпек

Фото: pixabay.com

Владимир Путин Ресейдің сыртқы істер министрлігіне өз елдерінің саясатына наразылық білдіріп, Ресейге көшуді қалайтын шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру тапсырмасын жүктеді.

"Дәстүрлі ресейлік рухани-адамгершілік құндылықтарды қабылдайтын адамдарға гуманитарлық қолдау көрсету туралы" деп аталатын құжатта, шетел азаматтарына ұзақ мерзімді визаны орыс тілін білуін растайтын құжатсыз және үкімет белгілеген квотадан тыс алуға мүмкіндік берілетіні көрсетілген.

Сондай-ақ, құжатта Ресей үкіметі квотаны есепке алмай, орыс тілін, Ресей тарихын және Ресей заңнамасының негіздерін білуді растайтын құжатсыз, деструктивті неолибералдық идеологиялық саясат жүргізетін мемлекеттердің азаматтарына Ресей Федерациясына уақытша немесе тұрақты тұруға көшуге ниет білдірген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат алу құқығын беру көзделген.

Қазақстан бұл тізімге кірмейді, себебі ол Ресейге қарсы санкцияларды қолдамайтыны айтылды.

Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігі моральдық талаптарға байланысты өтініштер үшін қыркүйек айында үш айлық визаларды беруді бастауға бұйрық берді.

Еске салсақ , ақпан айында Путин итальяндық студент Ирен Чеккинидің Ресей Федерациясына мәдени, дәстүрлі және отбасылық құндылықтар негізінде көшуді жеңілдетуді ұсынған идеясын қолдаған.

Газадағы атысты тоқтату туралы келіссөздері келесі аптаға шегерілді

Фото: АА

Бейсенбі күні Каирде Газа секторында бітімге келу туралы келіссөз өткізілуі керек еді. Тараптарға жаңа ұсыныстарды талқылауға уақыт беру үшін келіссөз келесі аптаға шегерілді.

АҚШ, Мысыр және Катар тағы да келіссөздерде делдал ретінде әрекет етеді. Диалогқа Израиль делегациясы да қатысады деп күтілуде. The National ақпарат көздерінің хабарлауынша, Палестинаның ХАМАС тобының шенеунігі жиналысқа онлайн түрде қатысуы мүмкін.

Бұған қоса, басылымның дереккөздері Египеттің Газа секторымен шекарасындағы Рафах бақылау-өткізу бекетінің палестиналық жағынан және Филадельфия дәлізінен Израиль әскерлерін біртіндеп шығаруды талап ететін Израильдің жаңа ұсынысынан Мысырдың бас тартып жатқаны туралы ақпаратты растады.

"Каир Израильден 42 күндік бітімгершілік келісімінің бірінші кезеңінің бірінші күнінде екі аймақтан да толықтай шығуын талап етуде", – деп хабарлайды The National.

Бұған қоса, Египет екі аймаққа да АҚШ пен БҰҰ күштерін орналастыруды талап етті.

Египеттің Газа секторында атыс тоқтайтынына және Израильдің кепілге алынғандарды босатуы мүмкін екеніне күмән келтірген. Өйткені АҚШ-тың соңғы ұсынысының кейбір тармақтары Палестина тарапы үшін тиімді. Атап айтқанда, талқыланып жатқан АҚШ-тың жаңа идеялары Израильдің Филадельфия мен Нетзарим дәліздерінен әскерін шығаратыны туралы айтылмаған.  Израиль тек Филадельфия дәлізіндегі әскер санын қысқартуды ұсынып отыр.

Өткен сейсенбіде Нетаньяху Израиль әскерилері "бізге жасалып жатқан қысымға қарамастан Филадельфия дәлізі мен Нетзарим дәлізінен кетпейді. Бұл әскери және саяси тұрғыдан алғанда стратегиялық нысандар" деді.

Солшылдар Макронға импичмент жариялаймыз деп қорқытты

Фото: АА

Жан-Люк Меленшонның солшыл "Жаулап алынбаған Франция" партиясы президент Эммануэль Макрон "Жаңа халықтық майдан" (NFP) солшыл партияларының коалициясынан үміткер Люси Кастетті тағайындауға келіспесе, оған импичмент жариялау процесін бастаймыз деп қорқытты.

Шілдеде Макрон Кастетті үкімет басшысы етіп тағайындаудан бас тартқан. Солшылдар Франция басшысын "демократияға қарсы институционалдық төңкеріс жасады" деп айыптап, оның сайлау нәтижелерін есепке алудан бас тартуына байланысты оны орнынан алу үшін барлық конституциялық құралдар қолданылады деп сендірді.

АҚШ барлау қызметі Иранды Трамптың президенттік науқанына шабуыл жасады деп айыптайды

Фото: pixabay.com

ФБР мен АҚШ-тың басқа да барлау агенттіктері Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамптың президенттік науқанына бағытталған хакерлік шабуылдың артында Иран тұр деген қорытындыға келді.

"Біз осы сайлау циклі кезінде Иранның агрессивті белсенділігін байқадық, әсіресе американдық қоғамға қарсы операцияларға және президенттік науқандарға бағытталған кибер операцияларға әсер етті. Бұлардың қатарында бұрынғы президент Трамптың науқанына нұқсан келтіру әрекеттері бар. Барлау қызметі бұл шабуылға Иранның қатысы бар деп есептейді", –  делінген ФБР Ұлттық барлау директорының кеңсесі мен Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымдық қауіпсіздік агенттігімен бірлесіп жасаған мәлімдемеде.

Иран ақпаратты жоққа шығарды

Иран АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуға бағытталған кибершабуылдарға қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды.

"Мұндай айыптаулардың ешбір негізі жоқ, біз бұрын айтқанымыздай, Иран АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуға ниетті емес. АҚШ барлау қызметі мәлімдемесі дұрыс деп есептесе, дәлелдер ұсынуы керек. Біз дәлелдерге қарай хауап беретін боламыз", – Иран тарабы.

Сицилия жағалауында үлкен яхта суға батып кетті

Фото: BBC

Сәрсенбі күні итальяндық сүңгуірлер британдық кәсіпкер Майк Линчке тиесілі Bayesian люкс яхтасында бес жолаушының мәйітін тауып, жағаға алып шықты.

Яхта Сицилия жағалауында дүйсенбі күні таң ата суға батып кетті.
Іздестіру-құтқару операциясы кезінде апаттан кейінгі алғашқы сағаттарда 15 адам құтқарылды, оның ішінде бір жасар бала бар.
Кеме аспазшысы Рикалдо Томастың денесі дүйсенбі күні кешке табылды.

Алты адам із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енген. Бес адамның денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығы суға батқан яхтаның ішінде болған.

Reuters агенттігіне дереккөздің хабарлауынша, құтқарушылар Линчтің денесін тауып алғанымен, оның 18 жасар қызы Ханна әлі анықталмаған. Әзірге құтқарушылар өлі табылғандардың жеке басын растамады.

Үндістанда он мыңдаған әйел наразылық шеруіне шықты

Фото: Reuters

Үндістанда әйелдер шеруге шықты. Олар дәрігер әйелдің зорлық көріп, өлтірілуіне байланысты наразылық білдіруде.

Наразылық білдірушілер жұмыс орнында әйелдердің қауіпсіздігін қамтамассыз етуді және қылмыстық істі жедел тергеуді талап етіп отыр.

Бүкіл ел бойынша дәрігерлер наразылық акциясын өткізіп, шұғыл көмекті қажет етпейтін науқастарды қабылдаудан бас тартты. Үндістан үкіметі дәрігерлерді қызметке қайта оралуға шақырып, медицина қызметкерлерін қорғауды жақсарту шараларын ұсынатын комиссия құрды.

"Біздің наразылығымыз талаптарымыз орындалғанша жалғасады", – дейді наразылық білдірушілердің бірі.

31 жастағы Моумита Дебнаттың денесі 9 тамызда табылды. Полицияның мәліметінше, ол тәжірибеден өтіп жатқан Калькуттадағы ауруханада зорланып, артынша өлтірілген. Дебнаттың отбасы Моумита топтық зорлаудың құрбаны болған деп есептейді. Дегенмен, әзірге тек бір адам қамауға алынды – ол полиция еріктісі Санджай Рой. Ол қылмысын мойындады.

Талқылау