Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинадағы соғыс тағы бірнеше жылға созылмақ – БАҚ

Украинадағы соғыс тағы бірнеше жылға созылмақ – БАҚ

Фото: President.gov.ua/kremlin.ru

Украина аумағындағы соғыс қимылдары тағы бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz агенттігі The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Владимир Путин Украинаға қысым көрсетіп, елді әбден әлсіретуді және өзінің бұл соғысты құр бекер бастамағанын дәлелдеуді көздеп отыр. Ал егер Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің талабына келісіп, Донецк облысындағы стратегиялық маңызды қалаларды атысты тоқтату шартымен беруге шешім қабылдаса, ол сөзсіз халықтың көтерілісіне куә болмақ.

Соғыс қимылдарының сипаты “дрондар дәуірінің төңкерісіне” байланысты өзгерді. Бұл екі тараптың да майдандағы жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Соған қарамастан, Ресей өз мақсаттарынан бас тартқан жоқ және Украина аумақтарының көп бөлігін аннексиялауды, ал қалған жерлерде өзіне бағынатын үкімет орнатуды мақсат тұтып отыр.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзіне сілтеме жасаған журналистер Мәскеу қазіргі майдан шебі бойынша соғыс қимылдарын тоқтатуға келіспейтінін айтты.

“Соғысты негізгі мақсатына жетпей аяқтау Путин үшін саяси тұрғыда қауіпті болуы мүмкін, сондықтан оған атысты тоқтатуға келісе салу оңайға соқпайды”, – дейді  Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер.

Қазір екі тарап та майдан шебінен тыс жатқан инфрақұрылымды істен шығару үшін ұшқышсыз аппараттар мен зымырандарды белсенді қолдануға дағдыланып жатыр. Егер 2022 жылы тылдағы нысандарға тек Ресей соққы жасай алса, қазір Киев майдан шебінен алыс орналасқан ондаған ресейлік мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына кедергі жасап жатыр.

Алайда екі ел де мұндай шабуылдарды тиімді жүзеге асыруда қиындықтарға тап болғандықтан олар қарсыласынан басым түсе алмай жатыр. Ресей Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға қыста елді жарықсыз қалдыратындай ауыр соққы жасай алмады. Ал Киев АҚШ-тан “Tomahawk” зымырандарын ала алмай, Ресей аумағына бағытталған шабуылдарын күшейтіп, оның экономикасына орны толмас зиян келтіру мүмкіндігінен айырылды.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 26 Қазан, 2025 19:01
Талқылау