Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

Фото: instagram.com/caspian_pipeline

Украина Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) инфрақұрылымына жасалған соққыларға байланысты Қазақстанның алаңдаушылығына ресми түрде жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Украина сыртқы істер министрлігінің жарияланған мәлімдемесінде Украина тарапынан жасалған ешбір әрекет Қазақстанға немесе басқа да үшінші тараптарға бағытталмағаны айтылған.

"Украина Каспий құбыр желісі консорциумы инфрақұрылымына қатысты Қазақстан Республикасының алаңдаушылығын назарға алды. Украина тарапынан жасалған ешқандай әрекет Қазақстан Республикасына немесе басқа да үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын ерекше атап өтеміз. Біздің барлық күш-жігеріміз Ресейдің кең ауқымды агрессиясын тойтаруға, өзін өзі қорғау құқығын жүзеге асыруға бағытталған. <…> Тағы да атап өткіміз келеді. Қара теңіз аймағында және оның шегінен тыс жерлерде тұрақсыздықтың басты себебі – Ресей агрессиясы", – делінген хабарламада.

Сонымен бірге Киев Қазақстан тарапынан бұған дейін Ресей Федерациясының Украинадағы бейбіт тұрғындарға, тұрғын үйлерге, азаматтық инфрақұрылымға және елдің энергетикалық жүйесіне, соның ішінде украин АЭС-тері қосалқы станцияларына жасаған соққыларын айыптайтын мәлімдемелердің болмағанына назар аудартты.

"Біз барлық тарапты агрессорды мемлекетіміз бен халқымызға қарсы қылмыстық соғысты мүмкіндігінше тез тоқтатуға мәжбүр етуге күш салуға шақырамыз. Сондай-ақ біз Қазақстан халқына деген тұрақты құрметімізді және өзара тарихи берік байланыстар деңгейіне сай Қазақстан Республикасымен достық әрі прагматикалық қатынастарды дамытуға бейілділігімізді растаймыз", – деп қосты Украинаның сыртқы істер министрлігі.

29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты маңындағы Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз инфрақұрылымына экипажсыз жүзу аппараттары шабуыл жасады. Осылайша, ВПУ-2 айлақ құрылғысы қатты зақымданды. Қазақстан экспорттық мұнай көлемін балама бағыттарға қайта бағыттады.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясындағы халықаралық Каспий құбыр желісі консорциумының маңызды инфрақұрылымына жасалған кезекті мақсатты шабуылға байланысты өз наразылығын білдірді.


"Соққыларға үндемей шыдауды ұсынады": Сарапшы Украиналық БАҚ-тың Қазақстанға қысым көрсетіп жатқанын сынады


"Жүйе осалдығын тағы көрсетті": Сарапшылар Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстанның әлсіз тұсын атады


Еске салайық, бұған дейін 29 қарашада Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданған болатын. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 09:49