Украина ATACMS зымырандарын пайдаланса, Ресей АҚШ-ты соғысқа тікелей қатысты деп есептейді – Ресей СІМ
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға ATACMS зымырандарын Ресей аумағында қолдануға рұқсат берген еді. Аталған ақпаратқа Ресейдің Сыртқы істер министрлігі жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mid.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: russiancouncil.ru
АҚШ Украинаға Ресейге қарсы ATACMS зымырандарын, ал Франция мен Ұлыбританияға SCALP және STORM SHADO зымырандарын қолдануға рұқсат берген еді. Ал Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл рас болса, Мәскеудің жауабы "адекватты және нақты" болатынын айтты.
"Киевтің біздің аумаққа шабуыл жасау үшін алыс қашықтықтағы зымырандарды қолдануы АҚШ пен оның серіктестерінің Ресейге қарсы соғыс қимылдарына тікелей қатысуы, қақтығыстың мәні мен сипатын түбегейлі өзгертуді білдіреді. Бұл жағдайда Ресейдің жауабы барабар және нақты болады”, – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.
Айта кетейік, 18 қарашада Джо Байден Киевке америкалық ATACMS зымырандарын Ресейге соққы беру үшін пайдалануға рұқсат бергенін хабарлаған еді. Артынша Франция мен Ұлыбритания да Украинаға Ресей федерациясына қарсы Storm Shadow және SCALP зымырандарын атуға рұқсат бергенін жазған. Бұл ақпарат кейін басылымнан алынып тасталған.
Вашингтон ATACMS зымыраны соққыларына рұқсат бергенін растаған жоқ.
Франция Сыртқы істер министрлігі де мәлімдемесін жоққа шығарды. Ал Ұлыбритания Сыртқы істер министрі ақпаратты түсіндіруден бас тартты.
Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеуге шабуыл жасаса, алдын ала ескертпейтінін айтты.
Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель АҚШ-тың рұқсат бергені туралы ақпаратты растады. Оның айтуынша, Байден әкімшілігі өзінің қаруын Ресей территориясында 300 шақырымға дейін пайдалануға рұқсат берді.