Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина АҚШ-тың әскери көмегінсіз жаздың басына дейін ғана шыдай алады – БАҚ

АҚШ-тың қару-жарақ жеткізуі мен қолдауынсыз Украина қазіргі қарқынмен Ресейге қарсы бірнеше апта, мүмкін, жаздың басына дейін соғыса алады. Сарапшылардың айтуынша, Киев пайдаланып отырған ең заманауи қару-жарақ Америкадан келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Reuters

Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің кездесуінен кейін қабылданған шешімі Украинаның әскери мүмкіндіктеріне ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

"Украина, шамамен, бірнеше апта – мүмкін, жаздың басына дейін қазіргі соғыс қарқынын ұстап тұра алады. Содан кейін АҚШ-тың кідірісі ауыр зардаптарын тигізе бастайды", – деп жазады CNN батыс шенеуніктеріне сілтеме жасап.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаға қару-жарақ жеткізуге асығып, елді заманауи қару-жарақтың үлкен қорымен қамтамасыз етіп үлгерді.

"Дәл осы заманауи қару-жарақ, соның ішінде ATACMS алыс қашықтыққа ұшатын зымырандары, Украинаға Ресей аумағының тереңіне соққы жасауға мүмкіндік берді. Бірақ егер қару-жарақ жеткізілімі тоқтаса, бұл стратегия әлсіреуі мүмкін", – деп атап өтті журналистер.

Еуропалық елдер АҚШ-тың артиллериялық қару-жарақ жеткізілімін ішінара алмастыра алғанымен, Киев пайдаланып отырған ең заманауи қару-жарақ АҚШ-тан келеді.

"Бұл ауыр соққы болады. Мұны сал етіп тастайтын соққы деп айтар едім", – деді стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Кансиан.

Марк Кансианның есептеуінше, АҚШ көмегінің тоқтатылуының салдары Украинаға екі-төрт ай ішінде білінеді. Еуропаның көмегі Киевке соғысты жалғастыруға уақытша мүмкіндік беріп отыр.

"Егер жеткізілімдеріңіз екі есе қысқарса, бұл ақыр соңында майдан шебіне әсер етеді. Олардың қорғаныс шебі әлсірей береді және соңында тоқтатылады. Украина қолайсыз, тіпті қорқынышты түрде, бейбіт келісімге келуге мәжбүр болады", – деп түйіндеді Кансиан.

Айта кетейік, АҚШ Украинаға әскери көмекті уақытша тоқтатты. Бұл Трамп пен Зеленский арасындағы Ақ үйдегі жанжалдан кейін болды. Сонымен қатар Америка кейбір Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын қарастырып жатыр.



Еске салайық, өткен аптаның соңында Вашингтон мен Киев арасында Украинадағы пайдалы қазбаларға қолжеткізу туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда Зеленский мен Трамп арасында қатаң дау туындап, оған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те қатысты. Соның салдарынан украиналық делегация Ақ үйден кетіп, келісім тоқтатылды.

Бұдан кейін Зеленский Лондонға ұшып барып, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесті. Кейін Стармер Трамп және Франция басшысы Эммануэль Макронмен байланысқа шықты. Кейін Макрон Еуроодақтың Украина бойынша келісімінің егжей-тегжейін ашып, оның басты пункті бір айлық уақытша бітім жариялау екенін мәлімдеді.

Талқылау